astana-view

Лизингке алынатын техникалардың алғашқы жарнасын 10 пайызға төмендету керек – сарапшы

2014 жылғы 25 Ақпан
2549 просмотров

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары ауылшаруашылық техникаларын лизинг бойынша алуға алғашқы жарнаны 25 пайыздан 10 пайызға төмендетуді ұсынып отыр, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Қазіргі күні бұл өңірде ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын 4,6 мың нысан жұмыс істейді. Бірақ оның облыс экономикасына тигізер үлесі аз болып отыр. 2012 жылы аймақ экономикасының не бәрі 5,3 пайызын ғана қамтыған. Ал аграрлық секторда еңбек ететін жұмысшылардың жалақысы да өзге елдерге қарағанда мардымсыз. Отандық мамандардың жалақысы 269 АҚШ доллары болса, көршілес Ресейде – 420 доллар, ал Чехияда – 916 доллар. Сондықтан жастар арасында ауылшаруашылық саласына деген қызығушылық төмен. 

«Біз осы мәселелерді жан-жақты талқылап шықтық. Кедергілердің бірі ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің көп жағдайда кепілге қоятын мүлкі болмай жатады. Сондықтан несие алуға қолдары жетпейді. Екінші деңгейлі банктердің пайыздық үстемелері жоғары. Кәсіби білікті мамандар: мал дәрігері, агроном, зоотехниктердің жетіспейтіндігі баршаға аян. Жергілікті тауар өндірушілердің дүкен желілерімен арадағы қатынасы да көңіл көншітпейді. Сондықтан осы мәселелерді түбегейлі шешу қажет,» -дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Төлеміс Шотанов. 

Палата сарапшылары осы мәселелерді шешудің бір жолы ауылшаруашылық техникасын лизинг бойынша алуда алғашқы жарнаны 25 пайыздан 10 пайызға дейін төмендету қажет деп санайды. Себебі, шағын кәсібін игеріп отырған адамға 25 пайыздың өзі ауыр түседі. Ал тауарын өткізу үшін ірі сауда желілерімен бірлесе ауылшаруашылық кооперациясын құру ұсынылды. 

«Ауылшаруашылық өнімін өндіретіндерден бастап, сатушыларға дейін бір жүйеге жұмылдыру керек. Бұл кооперация түрінде болады. Осылайша өнім өндіруші тауарын өткізетін жерді іздемейді, ал сауда желілері жүйе бойынша сататын өнімдерін көңілге қонымды бағамен сатып алып, таратып отырады», - дейді Төлеміс Шотанов. 

Енді өңірдегі кәсіпкерлер палатасының сарапшылары осы ұсыныстарын Ұлттық палатаға жолдауды жоспарлап отыр. Ондағылар тиісінше министрліктер мен өзге де мекемелермен ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселені шешу жолдарын бекітеді деп сенеді.

Дерекнамасы: BNews.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер