astana-view

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының Төрағасы Тимур Кұлыбаев іссапармен Солтүстік Қазақстан облысына келді

2015 жылғы 17 Сәуір
7905 просмотров

Оның қатысуымен кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібіне қойылған басты мәселелер қатарында Индустрияландыру картасына енгізілген жобалар, жергілікті тауарөндірушілерді қолдау және де кәсіпкерлердің қазіргі проблемалары болды.

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың айтуынша өнеркәсіп кәсіпорындарының тапсырыспен қамтылуы, мемлекеттік  сатып алуларда  қазақстандық үлестің артуы, аграрлық секторды дамыту, бизнесті қолдау  бағдарламасын жүзеге асыру мен «Солтүстік Қазақстанда жасалған» имидждік кампаниясы, халықаралық әріптестік сияқты  әр түрлі бағыттағы  жүйелі жұмыстың  арқасында өңірде өнеркәсіп өндірісін 3,5 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Десек те, Ресей рублінің күрт құлауы өңдеу өнеркәсібі  өндірісінің төмендеуіне әкелді.

Тимур Құлыбаевтың айтуынша өңірдегі кәсіпкерлік секторы барлық бағытта ұтымды жұмыс істеуде. Ең бастысы барлық білім мен тәжірибені үйлестіріп, алдағы жоспарларға жұмсау қажет. Ал мемлекет қолдауына ұлттық палата кепіл болмақ.

Өңір кәсіпкерлерін кәсіпорындардың тапсырыспен қамтылуы, екінші деңгейлі банктердің қаржыландыруы сияқты мәселелерге қатысты сұрақтар қызықтырды. Ал Тимур Құлыбаев жергілікті атқарушы билік өкілдері мен кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынасқа жоғары баға берді. Көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, республикалық дәрежеде шешімін таппақ. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының Төрағасы Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлік палатасының төрайымы Нелли Кукушкинаны мерейтойымен құттықтап, естелік медаль мен гүл шоқтарын сыйлады.

Дерекнамасы: Қазақстан-Петропавл


Еншілес ұйымдар

Серіктестер