astana-view

Тимур Құлыбаев: Ұлттық палата өңірлердегі жаңа жобаларды қолдауға дайын

2015 жылғы 15 Сәуір
2201 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Индустрияландыру картасы аясында Қостанай облысында жүзеге асып жатқан жобаларға жан жақты сервистік қолдаулар жасайды. 

Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің отырысында мәлім етті. Еске салайық, жиында өңірлік  Индустрияландыру картасы, мемлекеттік сатып алу, қазақстандық қамту, кәсіпкерлер мәселелері  кеңінен талқыланған болатын.

ҰКП басшысы Қазақстанда бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатқанын, даму институттары жаңа жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді. Ал Қостанай облысында бұл бағыт негізінен азық түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу салаларын қамтуы мүмкін.

«Бұл ретте Ұлттық палата өңірлер дайындаған жобаларға сервистік қолдау жасайтын болады. Бірге дайындаймыз, бірге жүзеге асырамыз. Әкімдік өзіне тиесілі жер, инфрақұрылым секілді шараларды атқарады», - деді Т. Құлыбаев.

Бұдан бөлек, «Атамекен» басшысы мемлекеттік сатып алу және Ұлттық компаниялардың сатып алулары арқылы отандық өндірушілерді қолдау болатынын алға тартады. Ал мұндай қаражат 9 трлн. теңге шамасында болып табылады.

«Бізге маңыздысы нақ отандық тауарлардың, өнімдердің сатып алынғаны. Әрине, сатып алулар бәсекелестік қағидатымен, бағасы мен сапасы бойынша ұтымды ұсыныс жасағандарды жеңімпаз ретінде тану арқылы жүзеге асатыны мәлім. Бұл ретте Ұлттық палата кәсіпорындарға жеке өндірісті жаңғырту міндеттемелері бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар тетігін жасауды ұсынады», - деді Т. Құлыбаев.

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер