astana-view

ПІКІР: Бәсекелестіктің жаңа жағдайында жұмыс істеп үйрену қажет - Ұлттық кәсіпкерлер палатасы

2015 жылғы 14 Сәуір
2514 просмотров

«Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің отырысына қатысты. 

Күн тәртібінде өңірлік  Индустрияландыру картасы, мемлекеттік сатып алу, қазақстандық қамту, кәсіпкерлер мәселелері  кеңінен талқыланды.

«Өңірлер экономикалық әлеуеті, географиялық жағдайы бойынша ерекшеленеді, алайда бірлесе шешетін жалпы мәселелер бар. Біздің міндет - барлығына ортақ жүйелі проблемаларды анықтап, оларды шешу жолдарын табуға тырысу», - деді Т. Құлыбаев.

Президиум төрағасының айтуынша, палата құру арқылы бизнес пен билік арасында барлық деңгейдегі сындарлы қатынастарды жеңілдетуге мүмкіндік туған.

«ҰКП бизнес пен билік арасындағы диалог алаңы ретінде құрылған. Республикалық деңгейде Ұлттық палата барлық орталық органдар - Үкімет, министрліктер, ведомстволармен жұмысты белсенді жүргізеді. Жұмыс топтары құрылды. Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев апта сайын бизнес мәселесі жөнінде селекторлық мәжіліс өткізеді. Біз Үкімет басшысымен тұрақты кездесіп отырамыз, Премьер-Министрдің назарын талап ететін мәселелер енгізіліп, шешімін тауып жатады»,  - деді ол.

Оның айтуынша, мұндай өзара іс-әрекетті өңірлер деңгейінде дамыту  қажет  және ҰКП өз тарапынан бұл үшін барлығын жасауға тырысуда. Барлық әкімдіктермен, оның ішінде Павлодар облысында келісімге қол қойылды, құжатта өңірлердегі бизнес пен биліктің өзара іс-әрекетінің негізгі мәселелері айтылған.

«Онда мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлердің консультативтік-мәжілістік органдарға қатысуы, әкімшілік тосқауылдарды қысқарту, жер заңнамасы, сәулет, индустриялық аймақ, жаңа форматтағы сауда алаңдары жайлы мәселелер қамтылған... Жергілікті билік оның дамуы үшін барлық түйтілдерді шеше алады», - деді ҚР ҰКП президиумының басшысы.

Тимур Құлыбаевтың айтуынша, әр өңірде проблема жетіп артылады, бұл жерде облыс әкімінің қолдауы өте маңызды. Өткен жылы ҰКП кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізді, соның барысында 9 негізгі бағыт анықталды, қазір палата осы бағыттар бойынша жұмысты бастап та кетті. Атап айтсақ, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік тосқауылдарды азайту, мемлекеттік сатып алу және жергілікті қамту мәселелері, мембағдарламалардың тиімділігін талдау, тариф белгілеу, қаржы ресурстарының қолжетімділігі.

Мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты ҰКП президиумының төрағасы әділ жеткізушілердің тізілімі құрылатынын мәлімдеді. Бұл отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға, жер қойнауын пайдаланушы компанияларды сатып алуына қолжетімділікті жеңілдетеді.

Тимур Құлыбаев кәсіпкерлерді  Қазақстанның ЕАЭО-ға және кейіннен ДСҰ-ға интеграциялануы аясында бәсекелестіктің жаңа жағдайында жұмыс істеуді үйренуге шақырды: «Отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет, бізде басқа жол жоқ».

«Қазір Индустрияландыру картасын кеңейтуге көңіл бөлу керек. Әртараптандырумен, жаңа жобалармен айналысып, өсім траекториясына шығуымыз қажет. Мемлекеттік қаражат жеткілікті, атап айтқанда, отандық өндірушілер қатысатын «Нұрлы жол» бағдарламасы желісі бойынша қаражат бөлінген. Барлық жобаға қолдау көрсетіледі. Біз жобаларды іске асыру мақсатында сервистік қолдау көрсетеміз, бұл барлық саланы қамтиды», - деп түйіндеді сөзін Т. Құлыбаев.

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер