astana-view

Мамандар тауық жұмыртқаларын таңбалау қажеттігін айтуда

2015 жылғы 22 Шілде
4595 просмотров

Елде тауық жұмыртқасын өндіруге қатысты техникалық талаптар осал.

Қазақстан құс өсірушілер одағының мүшелері осындай мәлімдеме жасады. Себебі, ел аумағында тауық өнімдерін астыртын жолмен тасымалдау деректері тыйылмай тұр. Оның үстіне өнімнің сапасына бейжай қарайтын делдалдар да көбейіп барады. Жалпы, Қазақстанда жыл сайын 5 млрд дана тауық жұмыртқасы өндіріледі. Бұл көрсеткіш ел аумағын толық қамтуға жеткілікті. Дегенмен қолда бар мүмкіндікті іске асыруда кедергілер көп.

Сауда сөрелерінде самсап тұрған тауық жұмыртқасы – дәмді, нәрлі әрі құнарлы табиғи тағам. Ал бұл өнімнің шын мәнісінде сапалы екенін анықтауда сан түрлі тәсіл қолданады. Дегенмен көбі сақталу мерзіміне сәйкес, құнарлы өнім тұтынуды қалайды. Бірақ сауда сөрелеріндегі тауық жұмыртқаларында біркелкі таңба жоқ. Яғни өнімнің шығарылған жері мен жарамдылық мерзімі тауардың қорабына ғана жазылады. Салдарынан кез келген тұтынушы қарапайым тауық жұмыртқасын таңдауда қателеседі. 

Жалпы, тауық жұмыртқасы ас мәзірі үшін ұзақ мерзім сақталмайтыны белгілі. Тек төменгі ауа температурасында шамамен 90 күн құнарын қорғап қалуға болады. Алайда бұл талап бұзылып, сапасы сын көтермейтін жұмыртқалар контробандалық жолмен тасымалданады. Ел аумағында немесе шет мемлекетте дайындалған сапасыз өнімдер делдалдар қолына түсіп, жалған жапсырмамен шағын дүкендерде сатылуда.

Максим Божко, құс фабрикасының басшысы:

- Қазір кейбір дүкендерде жұмыртқа қорабындағы жапсырма ауыстырыла салады. Сөйтіп жаңа сақтау мерзіміне ішіндегі өнім сай келмейтін болады. Бұл тұтынушылар үшін өте қауіпті. Егер біздің елде дайындалған жұмыртқалардың өзін таңбаласа, импорттық тауарларды да басып оза аламыз. Себебі, Беларусь елінен әкелінетін жұмыртқаның мерзімі біздің өнімге қарағанда ескілеу болатыны белгілі.  

Айта кету керек, елдің азық-түлік нарығындағы мынадай құс өнімдері Ресей, Беларусь мемлеттерінен де әкелінеді. Сәйкесінше, жұмыртқа өндірушілер арасында бәсекелестік жоғары. Демек, отандық құс өсірушілер өзгелерден озып тұруы үшін қосымша амал қолданғаны жөн. Қазақстан құс өсірушілер одағы осы мәселеге байланысты өз ұсыныстарын әзірлеп, тиісті органға жіберген. 

Жалпы, отандық құс өсірушілер ішкі нарықты бұл тауар түрімен толық қамтуға қауқарлы. Себебі, жыл сайын елдегі 56 құс фабрикасында 5 млрд жұмыртқа өндіріледі. Ал 90-жылдар көрсеткішіне көз салсақ, сол кезеңде жұмыртқаның 4 млд данасы дайындалған екен. Яғни өнімділік көлемі ұлғайған. Тауық жұмыртқасына тиісті санаты мен дайындалған фабрика атауын қанық бояумен анықтап жазу. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері нарықты сапасыз өнімнен сақтаудың бірден-бір жолы осы дейді.

Аман Сүлейменов, «Атамекен» ҰКП Комитет хатшылығының сарапшысы:

- Әрине, сапалы өнім тұтынудың нақты жолы – таңбалау. Әзірге елдегі бизнес құрылымдар бірыңғай таңбалауға дайын емес. Сондықтан біз әр тауар мен құс фабрикасына сәйкестендіру нөмірін енгізуді ұсынып отырмыз. Сонда тауардың сапасы едәуір сақталады деген ойдамыз.

Расында, тауардың шығарылған мерзімі тайға таңба басылғандай жазылса игі. Өйткені белгіленген тауық жұмыртқасын тұтынушы өз қалауына қарай еш күмәнсіз алады. Әзірге бұл жобаны құзырлы органдар зерттеуде. Айтпақшы, біркелкі таңбалау ісі билік тарапынан қолдау тапса, сапалы өнім тұтыну мүмкіндігі молаяды. Сондай-ақ баға тұрақтылығы да қамтамасыз етілмек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер