astana-view

Шағын және орта бизнеске жасалған үлкен қолдау

2014 жылғы 01 Наурыз
2762 просмотров

Ел президентінің шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялау туралы Жарлығын кәсіпкерлер қауымы қолдап отыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мораторий шағын және орта бизнестің ең күрделі екі мәселесін шешетінін айтты. Біріншісі, рұқсат қағаз алу, екіншісі мемлекеттік органдар тарапынан болатын жоспарлы тексерулер.

Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
- Жарлықта айтылып кеткен тексеру болғаннан кейін кәсіпкерлер көп тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Сондықтан тұтынушылардың құқығын қорғау үшін де онда айтылған егер тұтынушылардың жағынан бір төтенше жағдай болса немесе еліміздің мемлекеттік қауіпсіздігіне төнетін жағдайлар болса ол жағдайларда бас прокуратураның рұқсатымен тексеруге рұқсат беріледі. Бірақ жалпы мораторий өзінің күшіне енеді.

Елбасының ерекше назарын аудартып отырған бизнес құрылымдарының есігін енді қадағалау органдары  қалаған уақытта қаға алмайды. Мәліметке сүйенсек, өткен жылы бизнес өкілдеріне 157 мыңнан аса тексеру жасалған. Оның 128-і жоспарлы тексеру. Кәсіпкерлерді жалпы саны 18 мемлекеттік орган қадағалайды.

Жарлыққа сәйкес, енді бірнеше заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Кедергілердің көбі жеке кәсіпкерлікті жабу болса, алдағы уақытта ол жылдам жүзеге асырылмақ. Ал кәсіп иесі ғаламтордың көмегімен қажетті құжаттарды толтыратын болады. Алайда мораторий масылдық психологияға ұрындырмауы тиіс. Мәселен, Қазақстандағы 1 жарым млн-ға жуық бизнес нысандарының тек 857 мыңы ғана белсенді жұмыс істейді.

Мемлекет басшысының мораторий туралы шешіміне кәсіпкерлер қауымы бір ауыздан үн қосты.

Неғмат ШЕҢГЕЛБАЕВ, КӘСІПКЕР:
- Жасыратыны жоқ  бұрын  әр түрлі қадағалушы органдар  үнемі  болмаса да, ай сайын бір екеуі келіп тұратын. Дегенмен қысым болмаса да, тексереді. Әсіресе өрт қауіпсіздігі қызметі көп келетін. Ал бұл біздің жұмысымызға кедергі келтірмесе де уақытымызды алатын. Мораторийдің жарияланауы біздің ары қарай дамуымызға мүмкіндік береді. Біз болашақта  цехты үлкейтіп, тек тапсырыс емес коммерциялық бағытта да жұмыс істейміз. 

Максим МУНКАЧИ, КӘСІПКЕР:
- Қазақстанда шағын бизнесті дамытуға бағытталған шаралар  баршылық. Әйтсе де,  тексеріске жарияланған мароторийдің көмегі көп. Бұл біздің жұмысымыздағы кедергілерді азайтады,  барлық назарымызды жұмысқа салып, кәсіпорнымыздың өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді. 

Дерекнамасы: Kazakh TV


Еншілес ұйымдар

Серіктестер