Шағын және орта кәсіп иелері 8 ай бойы кәсіпкерлерді тексеруді тоқтату туралы шешімді қуана қабылдады
Шағын және орта кәсіп иелері 8 ай бойы кәсіпкерлерді тексеруді тоқтату туралы шешімді қуана қабылдады. Өйткені, 18 бірдей мемлекеттік мекеме кәсіпкер қауымды былтырғы бір жыл ішінде 157 мың рет тексерген. Ал, кәсіпкерлер бақылаушы, қадағалаушы мемлекеттік органдардың мақсаты қолдан кемшілік тауып, иесінің қоржынына қол салу деп есептейді. Кәсіпкер қауымның қиындығы мен үмітін астаналық әріптесім Жанболат Серікбай біліп қайтқан еді.
Мың түрлі кәсіпті меңгеріп, маңдай терімен ісін дөңгелеткендердің қоржынына қол жүгірткісі келетін көп. Сұғанақтар тізімінде басқа емес, мемлекеттік органдардың кеңсе күзеткен ақ жағалы қызметкерлері көш бастап тұр. Пысықтар 1 кәсіпорынды небары 1 жылда 385 рет тексерген. Яғни кейбірі 1 мекемені 1 күнде 2 мәрте тексеріп үлгеріпті. Мұнша құлшыныстарының сыры кәсіпкерлерге бесенеден белгілі.
ЫРЗА ТҰРСЫНЗАДА, кәсіпкер:
Көбіне осы бар ғой осы тексерулердің бәрі заказбен келеді. Я сенің ісің өрге кетіп барады, я сенің малың таусылып жатыр. Мақсат сенің басыңды қатыру.
Қағазын арқалап, қатулана келетін "дәмелі"-лер мен "дәм еткендер" тізімінде 18 мемлекеттік орган бар. Олар өткен жылы кәсіпкерлерді 157 мың мәрте тексерген. Нәтиже көңіл құлазытады. Қазақстанда ресми тіркелген 1 миллион 500 мың кәсіпкердің тек 800-і белсенді. Яғни қалғаны санда бар, санатта жоқ. Енді тура 32 күннен соң оларды мемлекеттік органдардың тексеруіне болмайды. Әрине егер тұтынушыдан жазбаша шағым түспесе.
АБЫЛАЙ МЫРЗАХМЕТОВ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:
Мына заңда айтылған тексеруде егер тұтынушы жағынан шағым болса, төтенше жағдай жоспардан тыс тексере алады деп. Ең қиыны сол.
Қиналтатыны мемлекеттік органға барып, арыз жазған адам қағазда бар да, шынайы өмірде жоқ болып шығады. Осындай елестердің шағымына сүйене отырып, оңтүстіктің СЭС мамандары кәсіпкерді 40 мәрте тексерген. Енді ондай шағым түсер болса, істі алдымен ұлттық кәсіпкерлер палатасы қарастырады. Олар тосқауыл бола алмаған жағдайда, іске бизнес амбудсмендер араласады. Ал амбудсменді съезде кәсіпкерлердің өздері дауыс беріп сайлап алмақ.
АБЫЛАЙ МЫРЗАХМЕТОВ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:
Оның құқығы болады. Әрбір мемлекеттік органдардан тексеруге керекті құжаттарды сұрап кейбір тексерістерді тіпті тоқтатуға дейінгі құқы болады. Тіпті қылмыстық іс болса тергеуге дейін араласуға құқығы болады.
Мораторийден бөлек, кәсіпкерлерге қажетті 10 мыңнан астам заңдар мен нормативтік құқықтық актілер сараланады. Кейін оларды 1 заңға түгел топтастыру көзделіп отыр. Бұл мораторий түбегейлі өзгерістің басы. Осылай деген ұлттық палата жетекшілері жағдай жасалса, елде өндірілген өнімдегі шағын және орта кәсіпорындар үлесі 50 пайызға жетеді деп уәде берді.
Дерекнамасы: 31 арна
Пікір қалдыру:
Пікірлер: