astana-view

Ақтөбелік кәсіпкерлердің түрлі мәселелері жүйелі түрде шешімін табатын болады

2014 жылғы 05 Наурыз
2336 просмотров

Ақтөбелік кәсіпкерлердің түрлі мәселелері жүйелі түрде шешімін табатын болады. Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы қолға алған қанатқақты жоба соның кепілі. Палатаның арнайы сайтында ашылған «Кәсіпкерлер проблемаларының тізілімі»  жобасына кез-келген кәсіпкер қатыса алады. Мемлекеттік органдарда туындайтын кедергілер мен өзге де мәселелері туралы арыз-шағымдарын қалдыра алады. 

Кәсіпкер Сарманов Аманбай 2009 жылы жеке серіктестік құрып, құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналыспақ болады. Алайда, лицензия қолына тек 2 жылдан кейін тиеді. 5 адамды тұрақты жұмысқа алып, мемлекеттік байқауларға қатыса бастайды. Құрылыс жұмыстары кезінде қосалқы мердігер ретінде бригадаларды жұмысқа тартады. 1,5 жыл бірнеше нысанның құрылысына қатысады. Аяқ асты келген тексерулер салдарынан, кәсіпорын соңғы 2 жылда тұралап тұр. 

Аманбай Сарманов, Кәсіпкер:
- 1,5 жыл істеп қана үлгердік, келіп тексеріп, қателік бір жерден тауып, біздің есеп-шотты жауып тастады. Міне, 2 жыл болды, жұмыс істей алмай отырмын. Ал, олар, Салық комитетін айтамын, екі жыл ешқандай менен салық ала алмай отыр. 

Кәсіпкердің бұл проблемасынан Облыстық кәсіпкерлер палатасы хабардар. Қазір  шағым жоғары палатаға жіберілген. Тексерулердің негізсіз болғанын мамандар дәлелдеп отыр. Өткен жылдың соңында палатаның ресми сайты ашылған болатын. Сол уақыттан бері, ақтөбелік кәсіпкерлерден 100-ден аса талап-тілек түскен. Ал, барлық өңірлерден 1700-ге жуық шағым қабылданған. 

Нұрбол Аймағанбетов, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:
- Оның ішінде 300-ге жуық кәсіпкерлердің проблемалары анықталды. Бұл проблемалар мемлекеттік органдармен және басқа тиесілі органдармен бірігіп шешілетін болады. Көптеген мәселелер мысалы алатын болсақ, құрылыс, ауылшаруашылығы саласында салықтық мәселелерге байланысты көптеген мәселелер туындайды. 

Елбасы орта және шағын кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жариялағаннан кейін, шағымданушылар саны азаюы мүмкін,-дейді мамандар. Себебі, бұған дейін сайтқа келіп түскен шағымдардың басым бөлігі негізсіз тексерістер туралы болған. 

Дерекнамасы: Хабар


Еншілес ұйымдар

Серіктестер