astana-view

Мораторий - бизнесті жан-жақты қолдауға бағытталған маңызды қадам: Райхангүл Сатабаева

2014 жылғы 06 Наурыз
2451 просмотров

Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау бойынша маңызды шаралар қамтылған жарлыққа қол қойып, тиісті сала қызметкерлеріне нық тапсырма бергені белгілі. Аталған құжатқа артылар сенім жоғары. 

"Бұл – бизнесті жан-жақты қолдауға бағытталған маңызды қадам. Соның арқасында болашақта еліміздегі шағын және орта бизнес саны арта түсетіні сөзсіз", дейді Павлодар облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Райхангүл Сатабаева.

Президенттің кәсіпкерлерге қолдау жасау тұрғысында осы жылғы 2 сәуірден бастап 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін кәсіпкерліктің көптеген түрлеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялауы және бизнес жолында кездесетін кедергілерді жеңілдету жөнінде Үкіметке нақты тапсырмалар беруі отандық бизнес өкілдері тарапынан кең қолдауға ие болуда. Бұл көптеген әкімшілік кедергілерді жойып, бизнестің кең тыныс алуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қазақстанда жаңадан бизнес-омбудсмен институтының құрылу тиістілігін де айта келе, «Оның негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің құқығын қорғау болады» деген-ді. Ол кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын болады. Мұндай құрылымдар шетелде өз тиімділігін дәлелдеді.

Жер телімдерін беру мен пайдалану мақсатын өзгерту, сондай-ақ, құрылысқа және инженерлік топтарға қосылуға рұқсат беру рәсімдері 50 пайызға қысқартылмақ. Атап өтерлігі, жалпы рұқсат беру ісі автоматтандырылып, оның кемінде 140 түрі электронды нұсқаға көшіріледі. Бұл тек әкімшілік кедергілерді күр төмендетіп қана қоймай, жемқорлық қылмыстарының да алдын алуға мол септігін тигізері анық. 

Біз, кәсіпкерлер палатасы Бас прокуратураның бизнеске қатысты тексерістер туралы ақпараттарды кедергісіз алу мүмкіндігіне ие боламыз. Бұл өз кезегінде жұмыстың ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етпек.

Бизнес саласына көрсетіліп жатқан жан-жақты көмек Қазақстан экономикасын одан әрі ілгерілетеді. Сол арқылы Елбасының 2050 стратегиясында айқындалған мақсат міндеттерге қол жеткізуге, дамыған 30 елдің қатарына қосылуға мүмкіндік береді.

Дерекнамасы: pavlodarnews.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер