astana-view

Кәсіпкерлікке – кең өріс

2014 жылғы 06 Наурыз
3292 просмотров

Тексерулерге мораторийді бизнесмендер осылай түсінеді.

Экономиканың тұрақты тірегі

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаева баспасөз мәслихатын өткізді. Онда шағын және орта бизнеске қатысты Мемлекет басшысы тарапынан жарияланған мораторийге қатысты ой-пікірлер ортаға салынды.

Аталған шараны бизнес қауым­дастығы үлкен қуанышпен қа­былдап, соған қатысты ой-пікір­лерін коммуникациялар қызметі арқылы білдіргісі келетінін айтқан қауымдастықтың вице-президенті саладағы жетістіктермен қатар, кездесер кедергілер мен түйінді мәселелер жөнінде де әңгімеледі. Сауда саласындағы шағын және орта бизнес ел экономикасындағы лайықты орнын алып, әлеуметтің негізгі тіршілік көзіне айналуы керектігіне баса назар аударды. Қауымдастық бұл тұрғыда бірқатар жұмыстар атқарыпты. Билік пен бизнес арасындағы байланыстарға дәнекер болып, кәсіпкерлікке қатысты жаңа заң­ның жасалып, қабылдануына атсалысыпты. Әр тұста бизнестің мүд­десіне жұмыс істеп, шағын және орта кәсіпкерліктің еркін қанат жаюына ықпал етіп жатыр екен. Дегенмен, қазақстандық сауданың әлемдiк көлемдегi үлесi 0,12 пайызды ғана құрайтын көрінеді.

«Сауда Қазақстан эконо­мика­сының басым бағыттарының бiрi болуы керек. Қазiргi жағдайға жасалған талдау анықтағандай, әлемдiк көлемдегi қазақстандық сауданың үлесi 0,12 пайызды құрайды, ал Ресейдiкi –2 пайыз. Бай­қағанымыздай, бiз әлемдiк деңгейде де көшбасшы орында емеспiз», дедi Ж.Әжібаева. Ол құзырлы министрлiктердiң биз­нес өкiлдерiмен кездесуге құ­лықсыздық танытуы көп мәсе­ленiң шешiлмей отырғанына себепшi екенiне де тоқталды. Сөйтіп, салада жұмыс істеп жүрген жандар туралы әңгімеледі. «Статистикалық мәліметке сүйеніп айтар болсақ, Қазақстанның сауда саласында еңбекке жарамды халықтың 16 пайызы қамтылған. Аталған сала әлемдiк тәжiрибеде тек экономика категориясына жатқызылатын сегмент қана емес, саяси маңыз­дылығы жоғары элемент болып табылады», деп жалғады сөзін вице-президент.

Елбасының қабылдаған шарасы елдегі енді еңсесін көтеріп келе жатқан шағын және орта бизнестің дамуына үлкен серпін беретінін тәптіштеген баяндамашы, соңғы уақытта Үкімет тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың игілігі мол тұстары туралы да таратып айтты. Бүгінде өз кәсібін ашып, қалаған шаруасын дөңгелетіп әкетемін деген азаматтарға барлық жағдай жасалып жатыр деуге болады. Өйткені, облыс, аудан орталықтарында кәсібін жаңа ашқалы отырған жандарға арналып бизнес-кеңес беретін арнайы орталықтар ашылып жатыр. Ол орындарда білікті мамандар бизнесті бастаудың қыр-сырын үйретумен қатар, кәсібінің есеп-кітабын қалай жүргізу керектігіне дейін ұғындырып береді. Сонымен қатар, заң аясында қалай әрекет етіп, бизнесінің болашағын жа­сауға жөн-жоба көрсетеді. Әрине, бұл игі шаралар бүгінде тек қала­ларда ғана емес, ауылды жерлерде де қанатын жая бастаған.

Десек те, отбасылық және жақын-жуықтың жағдайын барлап, бизнестің ол ортаға қайсы түрі тиімді екенін әбден зерттеп, зерделеп, түпкілікті пысықтап алмай шығынға ұрынып қалу да бек ықтимал. Осы арада қауымдастық вице-президенті сабақ боларлық бір оқиғаны еске алды. «Осы Астана қаласының шетінен шағын дүкен ашып, банктен несие, туған-туыстан қарыз алып өз ісін бастаған әйел, әуелі жұмысын дөңгелетіп алып кетеді. Екі-үш айда жағдайының дұрыстала бастағаны да байқалады. Өкінішке орай, ол бір жылға жуық жұмыс істеген кезде оны тексеруге са­ни­тарлық-эпидемиологиялық стан­са мен салық комитетінің қыз­мет­керлері тексеруге келіп, көптеген заңсыздықтардың бетін ашып, оған үлкен көлемде айыппұл салады. Енді қарыздары мен несиесін төлеуге қабілетсіз болып қалған әйел көмек сұрап бізге келді. Айтпағым, ол кісі заңды біле тұрып бұзбаған. Бәрі салғырттықтың салдары. Егер ол бизнесін бастамай тұрып бизнес-кеңес алғанда, мұндай қиындыққа тап болмас еді. Сондықтан, әр істі бастамас бұрын мұқият болуды сұраймыз», деп түйіндеді сөзін Ж.Әжібаева.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».

 

Бізге керегі осы еді

Мен кәсіпкерліктің қызығын ғана емес, «шыжығын» да бас­тан кешкен адаммын. Қазір, «шүкір» деп айтайын, даңғыл жолға түстік. Бірақ қалай? Елімізде кәсіпкерлерге қолдау жасалмаса, ақыл-кеңес пен көмек берілмесе, оның үстіне тексерушілер лек-легімен келіп кедергі жасай берсе, алдымызға қойған арман-мақсатымыз орындалар ма еді? Әрине, жоқ.

Бұл тұрғыда ел кәсіпкерлері алғысты ең алдымен Елбасына айтулары керек. Жақсылық тез ұмытылады, әйтпесе біздің кәсіпкерлер Елбасының дәл осындай мораторийінің пайдасын бұдан бұрын да көрген. Міне, шағын және орта бизнес субъектілеріне 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін тексеріс жүргізуге мораторий жариялауы біз үшін тағы да үлкен қолдау болып отыр.

Өздеріңіз ойлаңыздаршы, егер кәсіпкер сапарда жүр­­­ген­де «тексерушілер ескерту жасамастан пәленбай мил­лион теңге айыппұл салып кетті» деген хабар алса, көңіл-күйі қандай болар еді. Жүйкесі сыр беріп, бейнелеп айтсақ, «ауырып» қалады. От­басы мү­шелері де «осы кәсіп­ті неменеге бастап едік?» деп, ыза болады. Бұл – шын­дық. Өйткені, ұр да жық тексеру­ші­лердің салдарынан қаншама адамдар кәсібін бастамай жатып, тас­тап кетіп жатыр.

Сондықтан мен өңір кәсіп­керлерінің алдыңғы толқын ағаларының бірі ретінде Ел­ба­сының осы жолғы мораторийін де ең керекті шешім болды деп есептеймін.

Латиф АЙДАРОВ, «LL» өндірістік-сауда кешені» ЖШС-нің директоры. Жамбыл облысы.

 

Мен күткен шешім

Мен басқаратын кәсіпорын ет және ет өнімдерін өндіреді. Елімізде азық-түлік молшылығын жасауға негізгі үлесті ұқсату кәсіпорындары қосады. Мұның оңай шаруа емес екендігі де жұрттың барлығына белгілі. Соңғы кезде теңге бағамының өзгеруі бұрынғыдан да көп жігерді қажет етіп отыр. Қаншама қостанайлық біздің кәсіпорыннан жұмыс орнын тауып, нәпа­қасын айырады. Ал табыс азайса, олардың айлық жалақысы да төмендей түседі.

Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың үстіміздегі жылдың 2 сәуірінен 2015 жыл­дың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеріс жүр­гізуге мораторий жариялауы өте дұрыс шешім болды. Қолдаусыз ешнәрсе де алға жылжымайды. Мен бұл шараны кәсіпкерлікті қолдау, көмек деп түсінемін. Бірінен кейін бірі келіп тұратын тексерулерден шаршайтынымызды жасырмаймын. Әрбір кәсіпкер басшы ғана емес, менеджер, маман болмай кәсіпорын жұмысы жанданбайды, соның салдарынан нарыққа кіріге алмайды. Сондықтан оның уақыты да аз. Осындайда тексерушілер келіп кәсіпкердің бар уақытын алатын. Мемлекеттің қазынасы біз төлеген салықтан құралатынын, толығатынын жақсы білеміз. Өзін адамгершілігі бар, зиялы сезінетін кәсіпкер салығын жасырмайды, қайта уақытылы төлеп отыруға тырысады. Қазір салық органдарында кәсіпорындардың табысы, қанша өнім өндіріп жатқанын біліп отыруға техникалық мүмкіндік те жетеді ғой. Егер кәсіпорын салықты мөлшерінен аз төлесе немесе кешіктірсе, төлемей қойса, онда арнайы тексеру ұйым­дас­ты­рылсын. Ең бастысы, кәсіп­кер­лер де, тексеруші органдар да бас­шылыққа алатын заң бар емес пе? Заңды бұзған кәсіпкер жауап берсін.

Мойыны озық елдерде тексе­руші органдардың штаттары да аз болады. Ырғақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды жан-жақтан қысып тексере берген соң, ол жерде сыбайластық та оянады. Екі жақ та заңға жүгініп, таза ар-ожданмен жұмыс істесе, шағын және орта бизнестің жолында кедергі қалмас еді. Бұл мен аңсаған шешім еді, уақытылы жасалды.

Александр КОРЧИНСКИЙ, «Агрофирма «Ирина и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. ҚОСТАНАЙ.

 

Іскерлерге көп көмек

Аймақтық кәсіпкерлер кеңесінің отырысы болып, оған Қызылорда облысы әкімі ҚырымбекКөшербаев пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовқатысты. Кездесу барысында шағын және орта бизнесті тексеруге байланысты жарияланғанмораторий жайы сөз болды. Қырымбек Елеуұлы Елбасының кәсіпкерлерге, бизнесті дамытуғаүлкен көңіл бөлініп жатқандығын ерекше атап өтті.

[reit 9] Елбасы алдағы екі жылда экономиканы несиелік қаражатпен толыққанды қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлуді жүктеді. Осылай­ша, нақты секторға қыруар қаржылай қолдау көрсетіліп, қажетті инвестиция­мен қамтамасыз етіледі. Бұл қаражат алдымен өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін орта және шағын кәсіпкерлік жобаларға бөлінеді. Содан кейін индус­трияландыру бағдарламасының басым бағыттарына жұмсалады. Осы орайда біз кәсіпкерлер палатасымен және бизнес- қауымдастықпен бірлесе отырып облыста жаңа кәсіпорындар ашуды және жұмыс істеп тұрған мекемелерді жандандыру жолдарын қарастырамыз. Оларды жүзеге асыруға қажетті қаражатты бөлу үшін тиісті орталық атқару органдарымен жұмыс жасаймыз. Сонымен қатар, тұрғындардың кәсіпкерлік бағытындағы бастамаларын, әсіресе, ауылдық жерлердегі ағайынға шағын несие беруді тоқтатпаймыз. Биыл бұл мақсат үшін 4 миллиард теңге қаржы бөлінді,  деді әкім.

Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерлік аймақта өндірілетін жалпы өңірлік өнімнің 8 пайызын ғана құрай­ды. Ендігі міндет  2020 жылға дейін аталған көрсеткішті 25 пайызға жеткізу болып отыр. Ал Елбасының Жарлығы бұған үлкен көмек көрсетпек. «Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру билік пен бизнес иелерінің бірлесіп жасайтын жұмысы деп ойлаймын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ауылдағы ағайынды  бизнеске тарту үшін аудандық филиалдарды да ашуды көздеп отыр. Палата инвес­торлармен жұмыс жасауға, қаржы институттарымен бірігіп әрекет етуге әрқашан дайын. Елбасы жариялаған мораторийді кәсіпкерлер өте дұрыс түсініп отыр. Алдағы уақытта кәсіпкерлердің алдынан кездесетін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында заң жобасын  ұсынатын боламыз. Онда әр кәсіпкердің пікірі назардан тыс қалмайды. Біздің бар мақсатымыз кәсіпкерлерге тиімді жағдай жасау. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына, жалпы бизнес-қауымдастыққа деген облыс әкімдігінің көзқарасы мен ықпалы мені қуантып отыр. Алдағы уақытта билік пен кәсіпкер арасындағы барлық мәселелер өз ретімен шешім табатындығына сенім мол», деді жиынға қатысқан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Облыс әкімі қорытынды сөзінде «Кәсіп­кер – мемлекеттің ең үлкен жанашыры. Билік пен кәсіпкер арасында түсінбеушілік болмау керек», деп ерекше тоқталды.

Дерекнамасы: Егемен Қазақстан


Еншілес ұйымдар

Серіктестер