astana-view

Жөнсіз тексеруге тыйым салу кәсіпкерлерге мол мүмкіндік береді

2014 жылғы 05 Наурыз
2828 просмотров

Биылғы жылдың 2 сәуірінен келер жылдың 1 ақпанына дейін еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілеріне жөнсіз тексеріс жүргізуге тыйым салынды.

Аз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы Жарлыққа қол қойды. Онда Елбасы: «Жарлыққа сәйкес, мен 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субьектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялаймын. Мен қазақстандықтардың бизнес жүргізуі үшін қажетті жағдайды одан әрі жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдауды тапсырдым», - деп атап көрсетті. Сондай-ақ Елбасы бизнес өкілдерін тек жоспарлы тексеру тәжірибесі ғана қолданылатынына тоқталды. 

Демек, мораторий аяқталғаннан кейін де, яғни 2015 жылдан бастап заңнамаларды бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлер ғана тексерілетін болады. Егер кәсіпкер заңның барлық талабын орындайтын болса, тексеруші органдар оның жұмысына мүлде араласпайтын болады.

Қажеттілік неден туындады?

Соңғы үш жыл бойы Үкімет бұл салаға тиісті шаралардың бәрін қолданғаны белгілі. Бірақ, олқылықтардың орны әлі толмай келеді. Құзырлы орган өкілдерінің заңсыз тексерулері кәсіпкерлерді әбден мезі қылған. Бір ғана статистикалық дәлел, шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп жүрген әрбір екінші азаматтың құқы бұзылады екен. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында өткен жылдың өзінде жергілікті прокуратура мыңға жуық кәсіпкердің жұмысын салық пен қаржы полициясы сияқты органдардың орынсыз тексергені анықталды. Осындай кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін жайттар басқа өңірлерден де көрініс тауып отыр.

Осыдан екі жыл бұрын Парламент Мәжілісінде шағын және орта бизнестің жағдайы талқылады. Онда екінші деңгейлі банктердің шағын және орта бизнеске берілуге тиісті несиені бермей жатқандығы айтылған. Бұл заң бұзушылық кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнамадан кейін белгілі болған. Осы мәселеге қатысты тиісті орындар біраз зерттеу жүргізді. 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында қаржы полициясы бақылаушы органдармен 1139 кәсіпкерге тексеру жүргізілсе, 2012 жылы 2 есеге дейін қысқарған еді. Ал, былтыр бұл тексерулер саны 143-ке немесе 4 есеге дейін азайғандығы айтылған. Алайда, Ақордада өткен кеңейтілген отырыста Елбасы кәсіпкерлерден аяқасты тексерулер жөнінде шағымдардың әлі де түсіп жатқанын айтты. Бұл жолы Президент мемлекеттік органдар мен Президент Әкімшілігі келісе отырып, тексерулердің әлемдік стандарттарға сай жүйесін жасайтынын мәлім етті.

Өңірлік даму министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрайымы Ғалия Жолдыбаева Мемлекет басшысының қабылдаған шешімі уақыт талабынан туындап отыр деп санайды. Өйткені, заңда атқарушы органдардың қандай жағдайда жоспарсыз тексеріс жүргізе алатындығы жазылғанына қарамастан, мұны белден басып келгендер көп екен. Мәселен, шағын және орта бизнес өкілдеріне салынған айыппұлдың 90 пайызы жоспарсыз тексеріс кезінде рәсімделіпті. Өткен жылы салаға 182 мыңнан астам тексеру жүргiзілген. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 25 пайызға аз. Десек те, ел аумағында жүргізілген тексеріс атаулының 92 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі болып отыр. Ғалия Тағыбердіқызы шағын және орта кәсіпкерлер бизнестің ең аз қорғалған тобы екенін айтады. Өйткені, күні кешеге дейін құзырлы органдар жоспардан тыс тексеріс кезінде қатысы жоқ мәселелерге де басын сұғып келген. «Мәселен, көршісі нысанда шуыл деңгейі жоғары екенін айтып шағымданса, СЭС мамандары келеді де, тек шуды емес, сол мекеменің бүкіл қызмет көрсету саласына тексеріс жүргізеді, яғни кәсіпкердің қалыпты жұмыс істеуіне маза бермейді», - дейді ол.

Нәтижесі қандай болмақ?

Мемлекет басшысының айтуынша, тексерулер жүргізу форматын түбегейлі қайта қарау кәсіпкерлерге қойылатын талаптар санын 30 пайыздан артыққа қысқартуға мүмкіндік береді. Сол үшін Үкіметке тексеру жүргізудің барлық регламентін қайта қарау қажеттігі тапсырылды. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елдегі тексерулердің үштен бірі тиесілі болып отырған шағын және орта кәсіпкерлік саласын жабу рәсімдері де оңтайландырылады. Сондай-ақ нысанның құрылысына рұқсат беру және инженерлік жүйелерге қосылу рәсімдері де 50 пайызға қысқаратын болады. «Келер жылдан бастап, жер телімін рәсімдеу мерзімі 30 күннен аспауы керек», - деп тапсырды Елбасы.

Шағын және орта бизнес субъектілеріне мораторий енгізудің бұрынғы тәжірибелері көрсеткендей, кәсіпкерлер көп жағдайда заңдылықтарды бұзбайды, керісінше, орындайды. Өңірлік даму министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің директоры Бауыржан Бекешев осылай дейді. «2008 және 2009 жылдары кәсіпкерлерді тексеруге екі рет мораторий жарияланған болатын. Әрине, ол кезде бұл мораторийлер жаһандық дағдарысқа байланысты жарияланған еді. Яғни, елдегі кәсіпкерлікті кедергісіз дамытуды көздеді. Сол мораторийлер кәсіпкер атаулы әр тиын пайда үшін күрескен дағдарыс кезінде де, олар тарапынан ешқандай жағымсыз қылыққа жол берілмейтіндігін көрсетіп берді», - дейді ол.

Сондай-ақ, сол мораторийлердің нәтижелері біздегі бизнестің саналы әрі адал екендігін, заңды бұзудан гөрі, оны орындауға ұмтылушылықтары мол екенін байқатқанын айтады.

Елбасының кәсіпкерлерді қолдау туралы мәлімдемесі осы салада еңбек етіп жүрген барша жұрттың көңілін серпілтті. Ертеңгі күнге деген сенімін оятты. Президенттің еліміздегі кәсіпкерлік қызметтің дамуына қажетті жағдайларды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қоюы шын мәнінде нақты қамқорлық. Кәсіпкерлер қауымы: «Бұл – Қазақстанның әлемдегі барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылуы жолындағы тағы бір маңызды қадамы», - деп, Ұлт көшбасшысының мәлімдемесін қызу қолдап отыр.

Мораторий орта және шағын бизнестің дамуына соны серпін береді. Енді, отандық кәсіпкерлік әлеуеті күшейіп, саладағы ахуалды оңтайлы өзгертуге мүмкіндік туады.Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылай дейді. Оның айтуынша, биылғы жылдың 2 сәуірінен бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін орта және шағын бизнес нысандарын тексеруге байланысты Президенттің мораторий жариялауы бизнесмендердің жауапкершілігін одан әрі арттырады. Оған қоса, қадағалаушы органдар тарапынан жүргізілетін тексерулердің шектелуі «кәсібін өрге домалатамын» дейтін кәсіпкерлер үшін революциялық шешім болып отыр. Осы тақырыпта журналистермен өткен брифинг кезінде ол: «Елбасы Жолдауында еліміздегі орта кластердің дамуы бұл Қазақстанның дамуы деген сөз. Елімізде өндірілетін ішкі өнімнің 50 пайызын сол орта және шағын бизнес құру керек. Ол Қазақстанға өте керекті мәселе. Елбасының Жарлығы меніңше, отандық кәсіпкерліктің дамуына, әсіресе шағын бизнестің дамуына нақты фундаменті болады деп айта аламын», - деп ойын қорытты.

Салықтан жалтару жақсылыққа апармайды

Ал, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі Азат Перуашев Елбасы Жарлығымен шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялануы экономиканың дамуына жаңа серпін береді деп санайды. Осыдан аз уақыт бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы шағын және орта бизнесті ұзақ мерзімге несиелендіру үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінетінін айтып, Үкіметке қайта өңдеу саласын дамытуға айрықша көңіл бөлуді тапсырғаны белгілі. «Осы екі бастаманың бір кезеңге сәйкес келуі кәсіпкерлердің әкімшілік қысымсыз, яғни қолайлы жағдайда жаңа жобаларды жүзеге асыруларына мүмкіндік береді», - деді ол өз сөзінде. Ал, мораторий кезінде кәсіпкерлер де заңды бұзбай, салықты уақытылы төлеп, өзіне жүктелген міндеттерді орындап отырулары тиіс екенін айтады. Расында да, шағын және орта кәсіпкерліктер салықты уақтылы төлеп отырмаса, бюджет қоржыны молаймайды. Салықтан жалтарудың түбі жақсылыққа апармайды. Елбасы айтқандай, егер кәсіпкер барлық талаптарды орындайтын болса, ешқандай тексерудің де керегі жоқ. Сондықтан, халық қалаулысының Елбасының еліміздегі шағын және орта бизнестің үлесін 20 пайыздан 50 пайызға ұлғайтуға толық жағдай жасап отырғандығына көңілі толады. Жұмысы тұрақты әрі жемісті кәсіпкерліктер ғана елге де, өзіне де пайда келтіретіні анық. Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысудың жеңілдетілуі, жер телімдерін рәсімдеу мерзімінің қысқаруы, сөз жоқ, жұмыстың кедергісіз жүруіне септігін тигізеді.

Дерекнамасы: Bnews.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер