astana-view

Отандық тауарөндірушілер енді өз өнімдерін интернет арқылы саудалай алады

2014 жылғы 12 Наурыз
2620 просмотров

Қазақстан тауарөндірушілері енді өз өнімдерін интернет арқылы саудалай алады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл мақсатта арнайы сайт ашты. 

Бұл - Қостанайдағы «Қазақ саңыраулар қоғамы» үшін тың мүмкіндікке жол ашқалы тұр. Өйткені, оқу-өндірістік кәсіпорнында дайындалған өнімдерді саудаға шығару ең өзекті мәселе болатын. Енді жарымжан еңбеккерлер ғаламторда ашылған жаңа сайт, ісімізді алға жылжытады деген үмітте. Саңыраулар қоғамына қарасты кәсіпорын 1951 жылы ашылған. Қазір онда 70-ке тарта адам еңбекке тартылған. Солардың бірі - Күләш Шаяхметова. Құлағының мүкістігі бар оның мұнда жұмыс істегеніне 27 жыл. Нағыз кәсіби тігінші. Жалақысы жұмыс көлеміне байланысты болғандықтан, тапсырыс түссе, ерінбек емес. 

Күләш Шаяхметова, Кәсіпорын тігіншісі:
- Бұрын жұмыс жақсы болатын да, биыл қысқы уақыт жұмыс аздау. Осы желтоқсан айында жұмыс әдемі болды. Бізде жұмыс көбейсе, жалақымыз көбейеді.  Біздің қыздар бәрін сапалы істейміз. 

Жаялықтан жиһазға дейін 80 түрлі өнім шығаратын кәсіпорын былтыр 185 мың теңгенің тауарын саудалаған. Биыл жағдай мәз емес. Киім-кешектерді кесіп-пішетін цех, жартылай ғана істейді. Тігу бөлімі тіптен тұралаған. Өйткені, тапсырыс аз. Кәсіпорын жанынан ашылған жиһаз цехына биыл 4 жыл. Мүгедектер барын салып сапалы өнім дайындағанымен, нарық заңы қатал, бәсекелестік мықты. Мүмкіндігі шектеулі жандар, бұйымдарын өткізуге Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ашқан сайттың септігі тиеді деп үміттенеді.  

Владимир Воронин, Қостанай облыстық «Қазақ саңыраулар қоғамы» оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры:
- Біздің өз нарығымыз жоқ, тапсырыс берушілерді де табу қиын. Сайтқа тіркелген себебіміз, ол бізге қосымша ақпарат көздерін табуға мүмкіндік береді. Тынысымызды кеңейтеді. Көпшілік біз туралы да білетін болады. 

Облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің айтуынша, сайтқа барлық өңірдегі бизнес өкілдері тіркеле алады. Бұл - кәсіп иелеріне жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. 

Роберт Юсупов, Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
- Біз жіті қадағалап отырмыз, өткен аптадан бері күн сайын ең кемі 10-12 фирма тіркеліп жатыр. Бұл жұмыстың белсенді жүріп жатқандығын көрсетеді. 

Әзірге, қостанайлық мүгедектер, тауарларын Қазақстанның төрт облысына саудалай алады. Ал, болашақта бірлесе жұмыс істеп, өнім өткізу аймағын кеңейте түспек. 

Дерекнамасы: Хабар

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер