astana-view

ҚАЗАҚПАРАТ - Шағын бизнесті дамыту - басты стратегиялық мақсат

2016 жылғы 05 Маусым
2014 просмотров

Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төр­ағасы Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында болды.

Ол алдымен Көкшетаудағы іргелі кәсіпорындардың бірі «Көкшетау-сүт» зауы­тының жұмысымен таныс­ты. Кәсіпорын басшысы Елена Михайлованың айтуына қара­ғанда, зауыт ультрапастерленген А3/Flex сүтін өндіру бо­йынша екі бірдей технологиялық желімен жабдықталған. Жақында зауытта тағы бір  жоғары температурада сүт өңдейтін желі іске қосылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта швед әдісі бойынша қышқыл сүт өнімдерін,  грек жабдықтарымен «стефарт» йогуртын, финдердің әдісімен жапсырма қағазы мен көлемі 1-2 литрлік шиша шығаратын жаңа желілерді іске қосу жоспарланған.

- Кәсіпорынның қазіргі за­манғы озық технологиялық әдісті қолдануы өндіріс көлемін едәуір арттырып, жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беруде. Өнім негізінен, Қазақстанның ішкі нарығына жөнелтілуде. Алдағы уақытта Ресей мен Түрікменстан елдеріне экспортқа шығару көз­деліп отыр, - деді өндіріс орнының басшысы.

Бұдан кейін Т.Құлыбаев өңір­де кәсіпкерлікті дамытудың тиімді бағыттары мен түйткілді мәселелерін шешудің жолдарын қарастырған кеңейтілген кеңес өткізді. Оның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров, облыстық департаменттер, басқармалар мен ведомстволардың басшылары облыстық мәслихаттың депутаттары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері қатысты.

- Бүгінгі таңда, Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Бизнестің  жол картасы-2020» тәрізді мемлекеттік бағдарламалар мен ауқымды жобалар қолға алынған. Осының нәтижесінде республикамызда кәсіпкерлік кең өріс алуда. Астаналық облыс Ақмола өңірінде де ірі кәсіпорындармен қатар, шағын және орта бизнес даму үстінде. Бүгінгі біздің басты міндетіміз кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасында жиі кездесетін түсініспеушілік пен әкімшілік ке­дергілерді азайту болып табылады, - деді Тимур Құлыбаев өз сөзінде.

Кеңес барысында өңірлік кәсіпкерлер палатасының бас­шы­сы Қазыбек Ескендіров ша­ғын және орта бизнесті дамы­ту бағытында қолға алынған жұмыстар туралы баяндады. Атап айт­қанда, облыс бойынша Индустрияландыру картасына 15 жоба енгізіліп отыр. Оның ішінде 10 жоба ауыл шаруашылығы саласында, яғни, сүт және ет өнімдерін өңдеу, күрке тауық өсіретін кешен және тауарлы-сүт фермасын салу, мал азығын өндіру бойынша қолға алынған.

- Өңірлік палата 2015 жылдан бастап кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсетуде. Былтырғы жылы 1677 кәсіпкер 2500-ден астам сервистік қызметті пайдаланды. Оған қоса, «Бизнес-мектеп» жобасы бойынша 1000-нан астам адам арнайы курстан өтті. Бұл 150 адамның өз кәсібін ашып, 324 жобаның жүзеге асырылуына мүмкіндік берді, - деді Қазыбек Ескендіров.

Кеңес отырысы барысында субсидия алу, іскерлік топ өкілдерін қорғау және елдегі тексерулер мен қадағалау орган­дарының санын қысқарту тәрізді мәселелер де қозғалды.

- Қатысушылар тарапынан қо­йылған сауалдардың кө­бі осыған дейін талай рет ай­тыл­ған және тиісті мемлекеттік құрылымдардың бақылауында тұр. Ел экономикасын дамытуда шағын және орта бизнестің белсенділігі артып келеді. Аталған құрылым көптеген әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына ұйытқы болуда. Бүгінгі күні олардың құқы мен мүддесін ұлттық кәсіпкерлер палатасы сияқты институт қорғайды. Бұдан былай мемлекет пен бизнес бір-біріне түсіністікпен қарап, барлық мәселені келісе шешетін болады, - деді кеңесті қорытындылаған президиум төрағасы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер