astana-view

Кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың жаңа түрлерін енгізу қажет пе?

2014 жылғы 13 Наурыз
3308 просмотров

Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін осы жылдың 2 сәуірінен бастап 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін бизнестің көптеген түрлеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялады. Отандық бизнесті алға бастыру үшін мемлекеттік қолдаудың тағы да басқа жаңа түрін енгізу қажет пе? Әлде кәсіпкерлердің мемлекет көмегінсіз-ақ қимылдайтын уақыты жетті ме? Осы мәселені «Безбеннің» талқысына салып көрген едік.

Гомар ҚАЖКЕНОВ, Павлодар облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

Қолдау қашанда қажет

- Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға қамқорлық барынша жасалуда. Мемлекеттік қолдауды одан әрі арттыра түссе де, артық болмайды. Себебі, кәсіпкерліктің көркеюі ел экономикасына оң әсер етеді. Оны әрдайым қолдауға тиіспіз.

Елбасының бизнесті жөнсіз тексеруге мораторий жариялағаны кәсіпкерлікті дамытуға мол септігін тигізетіні анық. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен елімізде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды. Осының барлығы бизнестің биік белестерді бағындыруына мүмкіндік береді. Дегенмен, әлі де жетілдіретін тұстар бар. Ол қандай тұстар? Елімізде жұмыс істеп жатқан шағын және орта, ірі бизнестің одан әрі көркеюіне жағдай жасалуда. Бірақ, кәсібімді бастап, нәсібімді табамын деген қарапайым азаматтарға қолдау аз. Осы ретте, гранттық қолдау шараларын қолға алу қажет дер едім. Бұл күн тәртібіндегі басты мақсат болуы тиіс. Ниеті, бизнес идеясы бар талай қазақстандық қалтасының жұқалығынан армандарын жүзеге асыра алмай келеді. Оларға пайызсыз, қайтарымсыз қаржылай көмек көрсету жайын ойластыру керек. Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің жеке меншігіндегі нысандарын қорғау туралы Заң қажет. Бизнес құрылымдарын рейдерлік әрекеттерден қорғау маңызды. Тағы бір айта кетер жайт, еліміздегі бірталай қалталы азаматтардың мол қаржысы шетел асып жатқаны белгілі. Олардың қаражатын отандық бизнеске тартудың тетіктерін ойластыру керек.

Бақытриза ДҮЙСЕМБАЕВ, облыстық мәслихаттың депутаты:

Оңды-солды шашылу орынсыз

- Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудан қалыс қалып жатқан жоқ. Сондықтан, қолдаудың жаңа түрлерін енгізудің қажеті шамалы. Тек, жаңадан кәсіп ашып, нәпақа табамын деушілерге мемлекет бір рет болса да мүмкіндік беруі тиіс. Бірақ, қаржыны оңды-солды шашу орынсыз.

Айтпағым, алдымен бизнес жобаның өміршеңдігіне көз жеткізіп алу керек. Бұл ретте, барлық салмақ кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін түрлі комиссияларға түседі. Яғни, олар – комиссия мүшелері, ел экономикасына серпіліс әкеле алатын жобаларды іріктей білуі керек әрі оны қажетінше қолдауға мұрындық болуы тиіс. Асылы, санға емес, сапаға мән берсек, тасымыз өрге домалайды. Иә, кейбір дамыған мемлекеттер кәсіпкерлерге сүйенеді. Солардың арқасында алдыңғы қатардан көрінуде. Өкінішке қарай, біздің елдегі жағдай басқаша. Мемлекет әлі күнге дейін кәсіпкерлерге қолдау білдіруде. Бірақ, олардың да өз беттерінше әрекет етуге дағдыланғаны дұрыс. Қайталап айтамын, мемлекет шағын және орта бизнес субъектісіне бір рет қана қолдау көрсетуі керек. Бәлкім, бұл қаржылық қолдау емес, заңнамалық тұрғыдан көмек көрсету болатын шығар. Ал мемлекетке пайда әкелетін бизнес-жоспардың жүзеге асуына барынша көңіл бөлген дұрыс. Кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлерін енгізудің реті жоқ. Онсыз да мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауда есеп жоқ. Тек, барлығын ұтымды пайдалана білу керек.

Дерекнамасы: Сарыарқа самалы


Еншілес ұйымдар

Серіктестер