astana-view

Наубайхана аша алмай шаршаған бизнесменге кәсіпкерлер палатасы көмектесті

2014 жылғы 26 Наурыз
4036 просмотров

Ақтөбелік бизнесмен өзінің құқығын қорғаған өңірдегі кәсіпкерлер палатасына алғысы шексіз, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық ауылында наубайхана ашпақ болған Қанат Ерғалиевті санитар мамандар бірнеше жыл бойы әуреге салып қойған. Кәсібі үшін ғимаратты реттеп, керек жабдықтарды сатып алыпты. Бұдан соң санитарлық қадағалау бөліміне хабарласса, ондағылар бірден рұқсат бермейтіндерін айтыпты. Түрлі құзырлы органдарға шағымданып шаршаған Қанат кәсіпкерлер палатасының барын естіп, өңірдегі өкілдеріне мұңын шағады. 

«Кәсіпкер шағын наубайхана ашу үшін талай табалдырықты тоздырғанын айтты. Негізінен санитарлық ережеге сай жаңа кәсіпорын тұрғын үйлерден 50 метр алшақ болуы шарт. Бірақ біздер зерттей келе егер тұрғындарға қауіп төндірмесе 50 метрден 20 метрге дейін жақын бола алатындығын дәлелдедік», - дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Нұрбол Аймағамбетов. 

«Кәсіпкерлер палатасының арқасында осы шырғалаңнан шықтым. Енді міне, шағын наубайханам іске қосылып, алғашқы өнімдерін шығара бастадық. Айтар алғысым шексіз», - дейді Қанат Ерғалиев. 

Дерекнамасы: Bnews.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер