astana-view

Халің қалай, кәсіпкер?

2014 жылғы 27 Наурыз
2869 просмотров

Кей жағдайда кәсіпкерлер қайда барып, кімнен көмек сұрау қажет екенін білмей дал болып жатады. Көкейлеріндегі мәселелері шешімін тапқанша бірталай табалдырықты тоздыратыны анық. Сонысына қарағанда проблемалары оң шешілсе игі. Ақыр аяғында «жабық есіктерді» қағып, кеңселер арасында допша домалап, тауы шағылып қайтатындары қаншама. Енді бизнес өкілдері үшін ұтымды жағдай туып отыр. ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) бірегей жоба, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Мәселелер тізілімі» онлайн-жобасын іске қосты.

Аталған жоба Ұлттық кәсіпкерлер палатасының palata.kz ресми сайты аясында жұмыс істейді. Бұл кәсіпкерлердің өзіндік онлайн-алаңы іспеттес. Мұнда әр бизнес өкілі жолында кездескен кез келген кедергілер, мәселелер бойынша өтініштерін орналастыра алады. Ол тіркеліп, мұқият қаралып, кәсіпкерге тиісті деңгейде көмек, қолдау көрсетіледі. Келіп түскен өтініштердің шешімін арнайы Мәселелерді шешу картасынан қарап, біле алады.

«Мәселелер тізілімі» және Мәселелерді шешу картасы бизнес өкілдері, облыстық Кәсіпкерлер палаталары, Төралқа комитеті мен ҰКП-ның басқа да құрылымдық бөлімшелерінің ұсыныстары бойынша құрылады. Бұл ретте, «Мәселелер тізілімі» және оларды шешу бойынша Картасына жүйелі түрде кездесетін проблемалар ғана орналастырылады. Тізілімге тіркелген өтініштер топтастырылып, сараланады. Әрбір мәселенің іс жүзінде шешім табуы бақыланатын болады.

Бұл жоба мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеп, кәсіпкерлердің мәселелерін жедел, әрі нәтижелі түрде шешуге мүмкіндік береді. Осы арқылы бизнес саласындағы мәселелер мен кедергілерге қатысты жалпы жағдай анықталады деп күтілуде. Өтініш-тілектерді, проблемаларды жүйелеу арқылы бизнесті қолдау саласындағы «ақсап тұрған» тұстарды анықтап, олар бойынша оң шешімдер қабылдауға болады. Атап өтерлігі, кәсіпкерлер өз өтініштерінің қандай деңгейде қаралып жатқанын бақылай алады.

Болашақта «Мәселелер тізілімі» және Мәселелерді шешу картасы бизнестің дамуына қатысты заңнамалық-құқықтық актілер құру барысында ҚР Үкіметінің басшылыққа алатын негізгі құжатына айналуы мүмкін.

«Мәселелер тізілімін» құру уақыт талабы десе де болады. ҰКП-на өткен екі айда кәсіпкерлерден 1625 өтініш келіп түсті. Бүгінгі таңда олар бір жүйеге келтіріліп, аталған тізімге тіркелді. Жобаның басты мақсаты бизнестің басына түскен мәселелерді (әкімшілік кедергілер) жүйелеп, бір құжатқа жинау, әкімшілік кедергілерді төмендету бойынша бірлескен мақсатты іс-шараларды анықтау, ел бизнесінің жалпы жағдайын бағамдап, қолдауға мұқтаж басым бағыттарын анықтау, әкімшілік кедергілерді төмендету бойынша жоспарланған шаралардың жүзеге асуын бақылау болып табылады. Жоғарыда атап өткендей, жүйелі түрде кездесетін проблемалар сараланып, олар бойынша мәселелер жоғары деңгейде көтеріледі. Үкімет деңгейінде қаралып, тиісті жағдайда заңнамаларға да өзгерістер енгізіледі. Ең бастысы, кәсіпкерлердің «Мәселелер тізіліміне» берген ешбір өтініш-тілегі назардан тыс қалмайды.

P.S. Кәсіпкерлер кез келген мәселелерге қатысты өтініш-тілектерін palata.kz сайтына кіріп, «Мәселелер тізіліміне» қалдыра алады. Еліміздегі бизнес ахуалды жақсарту сіздердің қолдарыңызда. Көкейлеріңізде жүрген мәселелеріңіз болса, үнсіз қалмаңыздар.

Дерекнамасы: Сарыарқа самалы


Еншілес ұйымдар

Серіктестер