astana-view

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен ұсынылған субсидияға кәсіпкерлердің қолы жетпей отыр

2014 жылғы 28 Наурыз
2950 просмотров

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен ұсынылған субсидияға кәсіпкерлердің қолы жетпей отыр. Жалпы, кәсіпкерлердің 38% жобаға қанағаттанбайды. Бизнес иелерінің Солтүстікте 85, Атырауда 70, ал Астанада 52% қолдау қаржы алудан қиындық көрген. Мұндай ақпарды ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері таратты. Мемлекеттік қызмет түрлерінің орындалуына жүргізілген мониторинг нәтижесі бүгін жарияланды. 

Сауалнамаға жауап берген 13 мыңнан астам кәсіпкер құжат жинаудың машақатын айтып шағымданған. Яғни олардың дені мемлекеттік қызмет түрлеріне риза емес. Бұл- еліміздегі әрбір үшінші бизнесмен бюрократия құрбаны деген сөз. Заңбұзушылықтар Астана, Алматы және Ақтөбе облыстарында белең алған. 

Ербол Үстеміров, ҚР ҰКП қоғамдық мониторинг департаменті директорының орынбасары: 

Қызмет бойынша да стандарт жоқ, көптеген әкімшілік шектеулері бар. Қарастырылмаған құжаттар сұрайды, мысалы, Павлодар облысында ақшаны 12 айдан соң аударған. Шешім қабылданған, бірақ ақшаны 12 ай күтеді. 

Бизнесмендер сәулет және құрылыс, салық органдары, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау, сонымен қатар жер телімін рәсімдеу бойынша берілетін құжаттардан машақат көрген. Әкімшілік кедергілер түрлі лицензияларды қолжетімсіз қылып отыр. 

Гүлнәр Құрбанбаева, ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы төрағасының орынбасары: 

Мемлекеттік қызмет көрсету стандартқа сай, 100 пайызға дұрыс орындалып жатқан жоқ. Тексерілген отыз қызмет түрінің 26-сының жұмысынан заңсыздықтар анықталды. 22-сі бойынша ақпарат алу мүмкін емес. 18-і бойынша рәсімдеу мерзімі сақталмайды. 

Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы министрліктердің стандарттарынан да шикілік анықтады. Атап айтсақ, Ауылшаруашылығы, Көлік және коммуникация, Өңірлік даму министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары, Қаржы министрлігінің стандарттары талапқа сай емес, дейді. Барлық кемшіліктер үкімет пен мемлекеттік қызмет істері жөнінде агенттікке жолданған. 

Дерекнамасы: Астана ТВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер