astana-view

ӨЗГЕДЕ ЖОҚ ӨКІЛЕТТІЛІК ОМБУДСМЕНГЕ КЕРЕК ПЕ?

2014 жылғы 29 Наурыз
3369 просмотров

Президент Н.Назарбаевтың биыл­ғы 27 ақпанда «Қазақстанда кәсіп­керлік қызмет үшін жағдайды жақ­сарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны мә­лім. 

Бұл құжат бизнес өкілдерін тек­серу атаулыға мо­раторий жария­лау­мен қатар, Қа­зақстанда «Кә­сіп­керлер құқығы жөніндегі уәкіл» атты ел тари­хында болмаған жаңа институтты енгізді. Әйткенмен, әзірге бұл лауа­зымды қызметке кімнің тағайын­далатыны белгісіз. Осы орай­да кеше, Кәсіп­керлер құқығын қор­ғау жө­ніндегі кеңестің отырысында қызық­ты жаңалық жария болды.

Қазақстандық бизнес-омбудсменді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрал­қасы тағайындауы мүмкін. Бұл туралы отырыс кезінде Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы, ҰКП-ның Сенаттағы өкілі Ғани Қасымов ха­бар­лады. Осы орайда ұлттық палата Кәсіп­керлер құқығы жөніндегі уәкілге қандай құзыр-құқықтар берілуі керектігін анықтапты. 

Жалпы, бизнес бойынша омбудсмен­дер біраз елде, мысалы, АҚШ, Ұлыбри­тания, Ресейде жұмыс жасайды. Әйткен­мен егер ҰКП ұсыныстары қабыл алынса, қазақстандық осы уәкілдің құзырет-қоржыны ешбір елде жоқ ғаламат өкі­леттіктермен толмақ!

Ғани Қасымов бизнес-омбудсменнің мемлекеттік билік органдарына, жер­гілікті өзін-өзі басқару органдарына кә­сіп­керлік қызмет субъектілерінің құ­қық­тары мен заңды мүдделерін бұзған тұлға­ларды тәртіптік, әкімшіліктік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап, жүгінуге құқылы болуға тиістігін айтты. 

– Құқыққа қайшы іс-қимылдары үшін лауазымды тұлғалар жауапқа тартылатын болады. Құқыққа қарсы әрбір шешімге кәсіпкерлер шағым білдіріп, соған жол берген лауазымды тұлғалар жазалануға тиіс, – деді ол. – Омбудсмен кәсіпкерлерге қатысты заңдық күшіне енген сот акті­леріне шағым енгізуге құқылы. Сондай-ақ бизнестің мүдделерін қорғау мақсатында ендігі күшіне мінген сот шешімінің орын­далуын тоқтата тұру туралы өтінішпен сотқа жүгіне алады.

Оны айтасыз, бұл уәкіл кез келген ше­неу­ніктің кабинетіне кез келген уақытта кіре алуы ықтимал: «мемлекеттік билікке және жергілікті өзін-өзі басқару орган­дарына қызметтік куәлігін көрсетіп-ақ, еш кедергісіз кіре алады». Ұлттық палата бизнес-омбудсменге, тіпті «ешқандай арнайы рұқсатсыз, қамау орындарына барып, кәсіпкерлік баптар бойынша айыпталушылармен және сотталған­дармен кездесу» құзыретін беруге құмбыл. 

«Ол мемлекеттік органдардың кәсіп­орындарды тексерулеріне қатыса алады,–деді Ғани Есенгелдіұлы. – Біздің ұста­нымымызша, ол айрықша процессуал­дық мәртебеге, соның ішінде сотта қаралғанға дейін ведомстволық актілерді тоқтатып тастау құқығына ие болуға тиіс».

Дегенмен Кеңес мүшелерінің өзінде де күмән тууда. Мысалға, Қазақстан адвокаттары одағының президенті Әнуар Түгел ҰКП, яғни қоғамдық ұйым тағайын­дайтын тұлғаның осы және басқа да ға­жайып құзыреттерге ие болатындығына шүбәланды. 

– Егер бизнес-омбудсменді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Президиумы тағайындайтын болса, кәсіпкерлердің құқығын қорғай алуы үшін оның билігі мен өкілеттілігі жете ме? – деді ол. – Өйткені бізде, тіпті Президент жанындағы Адам құқығы жөніндегі уәкіл де өз функциялары мен міндеттерін шынайы жүзеге асыруға қажетті, пәрменді құ­қықтық тетіктерге ие емес. Осыдан үш жылдай бұрын Парламент сол омбудс­меннің өкілеттіктерін кеңейтетін заң жобасын қабылдаған болатын, алайда Конституциялық кеңес ол жобаны Ата заңға қайшы деп таныды. Тіпті Адам құқығы жөніндегі уәкілдің «мемлекеттік қызметші» екендігіне де қарамады. Ал Кәсіпкерлер құқығы жөніндегі уәкіл «мем­лекеттік қызметші» емес, демек, оның мемлекеттік органдардың ше­ші­мі­нің орындалуын тоқтатуға кім жол береді? 

Адвокаттар одағының басшысы қазақстандық бизнес-омбудсменнің көптеген өкілеттіктері ресейлік бизнес-омбудсменнің тәжірибесінен алынып отырғандығына назар аударды: «Бірақ РФ-да кәсіпкерлер құқығы жөніндегі уәкіл Титов Президент жанындағы лауа­зымды тұлға болып табылады, тиісінше, оның өкілеттіктері мемлекеттің мақсат­тарымен, міндеттерімен, өкілеттіктер жүйесімен үйлесімді түрде қабысады».

Ал Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев кәсіпкерлер уәкілін тек Елбасы тағайындауы керектігін нықтады: «Әлемдік тәжірибеде бизнес-омбудс­мендерді, коммерциялық даулар жөнінде­гі омбудсмендерді не мемлекет басшысы, не парламент тағайындайды, басқа үлгісі жоқ! – деп шарт түйді ол. – Егер қазақ­стандық бизнес-омбудсмен шын мәнінде, пәрменді, тегеурінді болсын десек, оны Елбасы тағайындауға тиіс. Бірақ оның кандидатурасын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқасы ұсынуы қажет. Әйтпесе, өзіне жүктелгелі отырған үлкен міндеттерді орындап, үміттерді ақтай алуы үшін оны жай ғана төралқаның таға­йындауы жеткіліксіз болады». 

Бір қызығы, ҰКП бизнес-омбудсмен­ге «Қазақстан кәсіпкерлерінің заңды құ­қықтары мен мүдделерін шет мем­лекеттердің аумағында қорғау» деген халықаралық құзыр беруді ұсынуда. 

«Бұл енді асыра сілтеу! – деді А.Пе­руашев. – Біріншіден, егер кәсіпке­ріміздің құқығы шетелде бұзылса, онда мемлекеттің өзі қорғауға міндетті. Ата заңда барлық азаматтардың мемлекеттің қорғауында болатындығы нақты жазыл­ған. Демек, дипломатиялық өкілеттіктер, елшіліктер іске араласады. Егер бұл жерде коммерциялық, сауда-экономикалық даулар туралы сөз болып отырса, бұл үшін халықаралық арбитраж жүйесі бар». 

Оның үстіне әрбір халықаралық кон­трактіде даулардың қалай шеші­летіндігі туралы алдын ала бап қарастырылады. «Ешбір елде дауды Ұлттық палата шешеді деген жоқ. Себебі сол шет мемлекеттің өзінің төл омбудсмені болуы мүмкін. Рас, дауды шешу үдерісіне қазақстандық уәкіл отандық бизнесменнің өкілі ретінде қатысады деп те ұғынуға болар еді. Бірақ уәкіл жалғыз ғой, ал даулар сансыз болуы мүмкін. Демек, оны физиологиялық түрде орындай алмайтын жұмыстармен жүк­теудің қажеті қанша?» деп түйді депутат.

Қалай болғанда, жақын уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-омбудсменнің өкілеттіктеріне қатысты ұсыныстарды пысықтап, мемлекетке ұсынуы қажет. Ал осы уәкіл лауазымына жасы 30-ға толған, өмірлік тәжірибесі бар, заңгерлік мамандықтарда немесе адам құқықтарын қорғау саласында кем деген­де 5 жыл жұмыс жасаған Қазақст­ан аза­маты 2 жылға тағайындала алатын­дығы анықталып отыр.

Дерекнамасы: Айқын


Еншілес ұйымдар

Серіктестер