astana-view

Ақтөбе облысында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен несие алатындар қатары көбейді

2014 жылғы 02 Сәуір
3309 просмотров

Ақтөбе облысында «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алмақ болғандар саны көп, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Бір Алға ауданының өзінде биылғы жылы 76 адам өтініш білдірген. Ал ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры бойынша ауданға бөлінген 30 миллион теңге бәріне жетпесі анық. 

Жұпар Бақытова Бестамақ ауылынан ескі клуб ғимаратын сатып алып, дәмхана ашпақ болыпты. Қорындағы қаржысы жөндеу жұмыстарына толық жетпей, екінші деңгейлі банктерден несие де алмақ болған. Бірақ пайыздық өсімдерінің көптігіне алаңдаған. 

«Шағын кәсіпкерлікпен айналысқаныма он жылдай болды. Осы уақытта аралығында көбіне екінші деңгейлі банктерден несие алып келдім. Ал ауыл кәсіпкерлеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын өткен жылы ғана білдім. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша не бары 6 пайыздық өсіммен несие береді екен. Құжаттарымызды толық тапсырып қойдық»,-дейді Жұпар Бақытова. 

Бірақ кәсіпкер құжатын тапсырғанымен, өтініш білдірушілердің кезегі көптігінен несиеге қол жеткізе алмаған. Сондықтан көмек сұрап өңірдегі кәсіпкерлер палатасына хабарласыпты. Ондағылар мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржылай қолдау алмақ болғандардың көптігін айтып, мүмкіндігінше көмек беруге уәде еткен. 

«Алға ауданында бағдарлама бойынша несие алуға 1 адам -2011 жылдан, 13 адам -2012 жылдан бері кезекте тұр екен. Жұпардың жобасы мықты болса да кезегі биыл келмесі анық. Сондықтан ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорына өтінішпен шықты. Олар да сұранысымызды жерге тастамай Ж.Бақытоваға жақын арада несие беретін болады»,-дейді Ақтөбе облысындағы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Бауыржан Дәрқұлов. 

Енді Жұпар Бақытова биыл жаңа дәмханасын ашып, жаңа кәсібін бастамақшы. Ол сияқты тағы он адам Алға ауданында қаржылай қолдауға ие болады.

Дерекнамасы: Bnews.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер