9 қазақстандық кәсіпкерлік «Сенім сертификатын» алды
Қазақстанның төрт өңірінде «Сенім сертификатын» беретін жұмыс берушілердің қызметтерін ерікті түрде декларациялаудың қанатқақты жобасы басталды. Қазіргі таңда 9 кәсіпкерлік аталмыш сертификатқа ие болды. Бұл туралы ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының брифингінде ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлімдеді.
«Қазіргі таңда бизнеске деген мемлекеттік органдардың қатынастары өзгерген. Егер бұрындары бизнес қандай да бір заңды бұзып жатқаны анықталған жағдайда үздіксіз тексерістер мен бақылаулар толастамайтын. Енді мемлекеттік органдар кәсіпкерліктерге сенімділік танытады. Егер кәсіпкер қандай да бір заңды бұзса, онда мемлекеттік органдар белгілі бір санкция қабылдап кәсіпкерлікті тексереді», - дейді Н.Әлтаев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Кәсіпкерлер федерациясы төрт облыста қанатқақты жобаны бастап жатыр. Олар Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда мен Павлодар облыстары. Жобаның қатысушы кәсіпкерліктері өз жұмыскерлерімен ерікті түрде әлеуметтік-еңбек қатынасын декларациялайды.
«Яғни, олар 26 бағыт бойынша декларация жасайды. Олар өздерінің жұмыскерлерімен міндетті түрде ұжымдық келісімге келуі керек. Бұл ұжымдық келісімдерде жұмыскерлердің барлық міндеттері мен құқықтары көрсетілуі керек және онда еңбекақы көлемі де көрсетіліп, қандай да бір әлеуметтік көмек, демалыс уақыты, қосымша шаралар да қарастырылуы керек», - дейді Н.Әлтаев.
Егер кәсіпкерлікке қойылатын негізгі 26 талап орындалса, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оларға «Сенім сертификатын» тапсырады. Сондан кейінгі 3 жыл ішінде кәсіпкерлік еңбек инспекциясының тексерісіне түспейді.
«Алайда, әрине, осы уақыт аралығында кәсіпкерлік қандай да бір заңды бұзуы әбден мүмкін. Жұмыс берушілер тарапынан да әлдебір шағым түседі. Осы жағдайда аталмыш құжат күшін жояды. Соған сай кәсіпкерлікке тексеріс жүргізіліп, мемлекеттік органдар тарапынан санкция қолданылады», - дейді ҰКП басқарма төрағасы орынбасары.
Бүгінде ШҚО, Қызылорда, Павлодар және қызылорда облыстарының 9 кәсіпкерлікке «Сенім сертификаты» тапсырылды.
Жоба оң нәтиже берген жағдайда ол барлық Қазақстанға тарайтын болады.
Дерекнамасы: Strategy-2050
Пікір қалдыру:
Пікірлер: