Кәсіпкерлер жұмысқа шақырады
Елбасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы ұдайы айтады. Расында, мемлекет бизнеске қолайлы жағдай жасағаннан кейін кәсіпкерлер әлеуметтің алдында жауапты болғаны өте дұрыс дүние. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы тәп-тәуір орындалып жатыр.
Бұрындары кәсіпкерлердің түрлі ұйымдарға, қайырымдылық шараларға, әлдебір жобаларға қаржы бөліп жататынын еститін едік. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бір көрінісіндей еді бұл. Дегенмен, «адамға балық бергенше, балық аулайтын қармақ бер» деген тәмсілге салсақ, мұның өзі жан жадыратарлықтай жайт емес екенін аңғаратындаймыз. Сондықтан, кей-кейде кәсіпкерлер жұртқа қаржы бөлгенше қосымша жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықты азайтуға атсалысса деген ойға берілетін едік. Сөйтсек, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы мұндай іспен біраздан бері айналысып келеді екен. Палатаның мүшелері жұмыссыз жастарға өз кәсіпорындарынан екі қолға бір күрек тауып беріп жатыр. Солайша, жұмыссыз жастардың санын азайтуға үлес қосуда. Осындай оң бастаманың нәтижесінде «Аквалайн» ЖШС директоры, кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Ғалымбек Жақсылықов үш адамға жұмыс бере алатынын жеткізді. Ал «ДорСтрой» серіктестігінің директоры Мұратбек Тілеулиев Назым Уәлғалиеваның түйіндемесіне қарап-ақ өз кәсіпорнына жұмысқа алды. «Асар» ЖШС директоры Қанағат Сақтағанов жиһаз жасаудан тәжірибесі бар жастарды жұмысқа алуға дайын екенін жеткізді.
Осыған дейін өткізілген қоғамдық қабылдаулар нәтижесінде «Раим» ЖШС директоры Ерлан Раймов бір адамды, «Жер-Ана групп» ЖШС директоры Аралбай Қозбақов 2 жұмыссыз жасты жұмыспен қамтыған көрінеді.
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының бизнес-алаңында өңірлік кәсіпкерлер кеңесі төрағасының орынбасары, қалалық маслихат депутаты, «Аквалайн» ЖШС-нің директоры Ғалымбек Жақсылықов, кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері «ДорСтрой» ЖШС-нің директоры Мұрат Тілеулиев, «Асар» ЖШС-нің директоры, қалалық мәслихат депутаты Қанағат Сақтағанов жұмыссыз жастармен қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауды өңірлік кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік мәселелер бойынша директор орынбасары А.Бимағанбетов жүргізді. Қоғамдық қабылдауға қалалық жұмыспен қамту мекемесінде жұмыссыздық есебінде тіркеуде тұрған 30-дан астам жас қатысты.
– Жұмыссыз жастардың мәселесі кәсіпкерлерді де алаңдатады. Біздер Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, өз кәсіпорындарымыздан бос жұмыс орындарын ұсыну арқылы жұмыспен қамтуды қолға алудамыз. Ұсыныс бізден, таңдау жастардан болмақ. Бұл істі өзге кәсіпкерлер арасында да насихаттап жүрміз, – дейді Ғалымбек Жақсылықов.
Сонымен қатар, бизнес өкілдері өздерінің кәсіпкерлікпен айналысу жолдарын баяндап, жастарға тәжірибе боларлық ақпараттар берді.
Қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсаты мемлекеттік бағдарламалардың жастарға тиімді тұстарын таныстыру, жастардың негізгі проблемаларын тыңдау, кәсіпкерлермен еркін пікір алмасу алаңын қалыптастыру, оларға жұмысқа орналасу және өз кәсібін ашуға байланысты бағыт-бағдар беру болып табылады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қызылорда облысы бойынша 2013 жылдың IV тоқсанында жұмыссыздар саны 18,2 мың адамды құраған. Яғни, жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халық санына шаққанда 5,2 пайыз. Жалпы алғанда, республика бойынша да осындай көрсеткіш тіркелген.
Әрине, жұмыссыздықты бір күнде жоя алмайсың. Дегенмен, бір жағынан мемлекет, екінші шетінен кәсіпкерлер қолдаса, онда елдегі жұмыссыз адамдар санының едәуір азаяры белгілі.
Дерекнамасы: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру:
Пікірлер: