astana-view

Техникалық және кәсіптік мамандар даярлау Кәсіпкерлер палатасының назарында

2014 жылғы 07 Сәуір
3474 просмотров

Қызылорда облыстық Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі техникалық және кәсіптік мамандар даярлауды басты назарда ұстауда. Өйткені облыстағы кәсіпкерліктің дамуына маман кадрлар даярлаудың маңызы зор. Осыған орай Кәсіпкерлер палатасының бизнес-алаңында Қызылорда облысының техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарын даярлауда мемлекеттік тапсырысты бөлудің жобасы, техникалық және кәсіптік білім беру саласының дамуы, мемлекеттік-жеке әріптестіктің бір әдісі ретінде колледждерде корпоративтік басқаруды енгізу жайлы мәселелер талқыланды.

Шараға кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кәсіпкерлер Кеңесі мен Облыс әкімдігі жанындағы техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мен кадрларды даярлау жөніндегі облыстық Кеңестің қатысуымен бірлескен отырыс өтті. Кәсіпкерлер алаңында өткізілген отырысқа Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ақмара Алназарова, Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Абсаттаров, екі кеңестің мүшелері, колледж директорлары мен оқыту орталықтарының басшылары қатысты.

Аймақтың еңбек ресурстарының балансы мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті кадрлар даярлаудағы өзекті мәселелер мен 2014 жылғы мемлекеттік тапсырысты орналастыруда басымдылық берілетін мамандықтар бағыты туралы облыстық Білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамовтың баяндамасы тыңдалды. Білім басқармасының басшысы облыстағы қазіргі күнгі кәсіптік және техникалық мамандар даярлау барысы туралы мәліметтер берді.

Өңірлік кеңес төрағасы Асқар Махамбетов Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасына «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңына сәйкес болашақта сұранысқа ие болатын мамандарды дайындауға ықпалын тигізетін, экономика салаларында кадрларды даярлау, қайта даярлау, біліктілікті арттыру, сертификаттау және аттестаттау мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту саласында күрделі міндеттер жүктелгеніне тоқталып айтты. 

Әлеуметтік мәселелер жөніндегі Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Арман Бимағанбетов қатысушыларды Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және Өңірлік кәсіпкерлер палатасының техникалық және кәсіптік білім беру саласын жаңғыртуға бағытталған жұмыстарымен және облыс колледждерінде корпоративтік басқаруды енгізу жайлы нақты ұсыныстарымен таныстырды. 

Бірлескен отырыста көтерілген мәселелер бойынша пікір бөлісу, облыс колледждерінде корпоративтік басқаруды енгізу жайлы, дуалды оқытуды ұйымдастыру және түлектерді жұмыспен қамту бойынша ұсыныс-пікірлер айтылды. Кәсіпкерлер палатасы өткізген іс-шара өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту болашағын айқындауға оң әсерін тигізеді. Ьұл туралы іс-шараға қатысқандар да оңды пікірлерін жеткізді. Өтілген іс-шара «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асырудың тиімді және нәтиже беретін қадамдарының бірі болып табылады.

Дерекнамасы: BAQ.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер