Кәсіпкерлер палатасының өкілдері Ақтөбе облысының тұрғындарымен кездесті
Ақтөбе облысының тұрғындары өз ісін жаңадан ашып жатқан азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарламалар жайлы толық ақпараттандырылмаған.
Бұл мәселені жергілікті тұрғындармен бірге облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де талқыға салды.
Мұғалжар ауданы – Ақтөбе облысының негізгі аймақтарының бірі. Мұнда 70 мыңнан астам адам тұрады. Оның 3,5 мыңы – жеке бизнес субъектілері. Бүгін сол іскер азаматтар Қандыағаштың мәдениет үйінде бас қосты. Күн тәртібіндегі басты тақырып – кәсіпкерлікті дамыту. Тұрғындармен кездесуге Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары келді. Қызу әңгіме барысында жергілікті кәсіпкерлердің толық қуатты жұмыс істеуіне қол байлау болатын бірнеше мәселелер анықталды.
Төлеміс Шотанов, Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының басшысы:
- Негізгі мәселелердің бірі – жер қатынастары. Себебі көп кәсіпкерлер жерді ала алмайды. Я болмаса, жердің статусын өзгерткісі келеді, бірақ оны өзгертуге қауқары жетпейді. Сол мәселелерді қарастырамыз.
Ақпан айынан бастап Ақтөбе облысының барлық аудандарында республикалық кәсіпкерлер палатасының филиалдары жұмыс істеп келеді. Бұл орган өкілдері ауылдағы бизнеске байланысты сұрақтардың жауабын іздеп, кәсіпкерлікті дамыту аясында қызмет етуде. Мысалы жақында палата өкілдерінің көмегімен силикат зауытындағы дайын өнімді саудаға шығару мәселесі шешімін тапты.
Бақытжан Қуанышбек, өндіріс басшысы:
- Қандыағаш өндіріс құрамында ақ кірпіштің алуан түрі шығарылады. Өткен айда 3 млн. 900 данасын шығардық. Газобетонның 7 мың кубы өндірілді. Осыған орайҚазақстан аумағында шығарылып жатқан кірпіштердің ішінде біздікіне сұраныс көп екенін аңғардым.
Инвестицияны қажет ететін қызықты жобалардың қатарында ет өңдау зауыты бар. Бұрын аты жер жарған ірі кәсіпорын бүгінде қаңырап бос тұр. Мұнда өндірілген шұжық, консервілер мен жүн көрпелер экспортқа «Қандыағашта жасалған» деген брендпен шығып отырған еді. Ендігі меже – өндірістің, тым болмағанда, бір бөлігіне жан бітіру.
Айболат Манепов, Мұғалжар ауданы филиалы кәсіпкерлер паталасының басшысы
- Бірінші кезекте, кіші цехтерді жандандырғымыз келеді. Әрине, бірден көрпе немесе консервілік цех тұрғыза алмаймыз. Алдымен шұжық цехін ашу керек. Алайда, ол үшін бізге тексеріс жасап, қажетті қаражат мөлшерін анықтап алукерек.
Сарапшылар шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесіп, оларды толғандырған сауалдарды анықтау үшін аудандарға шығып отырады. Сондай-ақ, палаталықтар тұрғындарды мемлекеттік бағдарламалардың ережелерімен таныстырады. Бұдан былай аудандағы өз ісін ашамын деген кез келген азамат палата филиалының қоғамдық қабылдауына келіп, кеңес ала алады.
Дерекнамасы: 24kz
Пікір қалдыру:
Пікірлер: