astana-view

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ ҚАНДАЙ?

2014 жылғы 10 Сәуір
2875 просмотров

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы қандай, мемлекеттік қызмет көрсету қаншалықты қолжетімді? Бұл салада көп жағдайда неліктен жемқорлық жағдайлар орын алады? Қандай мемлекеттік органдар кәсіпкерлер қызметіне кедергі болуда? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жауап іздеуге тырысты. Осы мақсатта 2013 жылдың 20 желтоқсанынан 2014 жылдың 20 ақпан аралығында 30 мемлекеттік қызмет түрі бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдар тарапынан көрсетілетін қызметтер сапасына қоғамдық мониторинг жүргізілген болатын.

Қоғамдық мониторингті жүргізудегі мақсат және нәтижесі жайында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қоғамдық мониторинг департаменті директорының орынбасары Ербол Өстеміровпен сұхбаттастық.

- Қоғамдық мониторинг жүргізу не үшін керек болды, сол туралы айтып берсеңіз.

- Осы салада қандай әкімшілік кедергілер бар екендігін анықтау, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан қандай бұзушылықтар жіберіліп отырғанын анықтау үшін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету реттемелері мен стандарттарға, оларды оңтайландыру мақсатында өзгертулер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу аталған мониторингті жүргізудегі басты мақсат болды. Менің ойымша, жүргізіліп отырған мониторинг мемлекеттік органдар тарапынан көрсетіліп отырған қызметтер сапасына азаматтардың қаншалықты қанағаттанып отырғанын анықтап, шынайы жағдайды бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қоса, халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту жолында мемлекеттік деңгейде жүргізіліп отырған жаңашылдықтарға азаматтардың сенім танытуын анықтауға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Мониторинг жүргізу барысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің әдіснамасын қолдандық. Қоғамдық мониторинг жүргізу барысында сауалнамаға 12839 кәсіпкер, 141 фокус-топ, 327 тұтынушылар қатысып, 589 респонденттен сұхбат алынып, 389 мемлекеттік органдардың жұмысына 4614 сағат ұзақтықта бақылау жүргізілді. Қоғамдық мониторинг нәтижесі бойынша бірқатар мәселелер анықталды. Атап айтсақ, қызмет көрсету мерзіміне қатысты бұзушылықтардан бастап, стандарттардың жеткіліксіздігі салдарынан мемлекеттік қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлық әрекеттердің орын алуына жол берілуіне дейінгі мәселелер анықталды. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 45%-ға жуығы мемлекеттік қызметті алуда қалыптасып отырған жағдай мәселелерді заңсыз әдіспен шешуге итермелейтінін атап өткен. Сонымен қоса, жұмысын жаңа бастап отырған кәсіпорындардың бизнесті дамытуда сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен жиі кезігетіні анықталған.

- Қандай да бір қызмет түрін алуда бизнесмендердің пара беру әрекеттерін жиі қолдануына итермелеп отырған мемлекеттік органды атай аласыз ба?

- Сыбайлас жемқорлық әрекеттері мемлекеттік органдар арасында аймақтық сәулет-құрылыс бақылау департаменттерінде неғұрлым көп байқалған. Аталған мемлекеттік органдарда кәсіпкерлерге лицензия ұсыну барысында әртүрлі әкімшілік кедергілер жасалуда. Мысалға алар болсақ, жобалық қызметке лицензияны қайта рәсімдеу барысында санат белгілеу және басқа да негіздер бойынша Ақмола облысы бойынша МСҚБжЛ департаментінің қызметкерлері салық төлеуші ретінде тіркелгені туралы салық органынан анықтаманы заңсыз талап етуде. Бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес мұндай анықтама талап етілмейді.

Павлодар облысының кәсіпкерлері мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінен лицензияны делдалдарсыз алу мүмкін еместігіне шағым түсірген. Кәсіпкерлерге әртүрлі негіздемелер бойынша қызмет көрсетуден бас тартылған. Алайда сол құжат пакетін делдалдар арқылы тапсыру барысында лицензия кедергісіз біріледі. Сыбайлас жемқорлық деңгейінің жоғары көрсеткіші салық органдары, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарында, сәулет және жер қатынастары органдарында, «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК байқалуда. Шығыс Қазақстан облысының атқарушы органдарының қызметкерлері сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру барысында әртүрлі көлемде құжаттар талап етуде, сондай-ақ қызмет көрсету мерзімінде бұзушылықтар байқалуда.

Алайда, стандартқа сәйкес, қызмет көрсету көп дегенде 15 күн аралығында көрсетіліп, 4 құжат ұсынылады (сейсмикалық емес аудандарда – 3 құжат), сонымен қоса, Курчатовта 5 құжат ұсыну талап етіледі, ал Абай ауданында қызмет көрсету 22 күн аралығында көрсетіледі. Жалпы респонденттер санынан мемлекеттік қызмет көрсету сапасына көңіл толмайтын кәсіпкерлер саны 35,4% құрап отыр.

- Кәсіпкерлерден түскен шағымдар мен ескертулер көбінесе қандай қызмет көрсету түріне қатысты? Өңірлер тұрғысынан бұл жағдайлар қалай қалыптасуда?

- Көп жағдайда сәулет-жоспарлау тапсырмасының берілуі, кедендік тазарту мен тауарлардың шығарылуы, жер телімдерінің мақсатты қолданылуын өзгертуіне рұқсат беру, жерге орналастыру жобаларын бекіту, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында көмекқаржы ұсыну бойынша болып отыр. Кәсіпкерлер талдауға қойылған 30 қызмет көрсету түрі бойынша 26 қызмет көрсету түріне қатысты мемлекеттік органдар қызметкерлерінің біліксіздігін атап өтсе, 22 қызмет көрсету түрі бойынша қызмет көрсетуді алу тәртібі туралы ақпараттың болмауы салдарынан қызмет көрсету қолжетімділігі қамтамасыз етілмегендігін, белгіленген әдістердің қиындығына тоқталған, ал 18 қызмет көрсету түрі бойынша бұл ескертулер қызмет көрсетілу мерзімі мен қызмет көрсету сапасына қатысты болып отыр. Астана, Алматы және Ақтөбе облысындағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы ең төмен көрсеткіштерді байқатып отыр. Кәсіпкерлердің басым бөлігі Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің біліксіздігін атауда, қызмет көрсету сапасының төмендігіне қызметкерлердің қызмет көрсету рәсімдері бойынша кеңес беруде біліксіздік танытылуы, не болмаса дұрыс түсіндірілмеуі және тізім бойынша қабылдау құжаттарының толық еместігі жайында айтуда. Бұл жағдайлар қызмет көрсетуден бас тарту, не болмаса құжаттарды қайта жинау және қайта тапсыруғасебеп болуда.

«Бизнестің жол картасы - 2020», «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағдарламалары аясында жергілікті атқарушы органдар мен «Даму» КДҚ бірлесіп кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызмет көрсету жайында тоқтала кетсек.

Сауалнама жүргізу барысында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемесіне субсидия ұсыну бойынша қызмет көрсетудің ұсынылу жағдайын анықтауға тырыстық.

Қоғамдық мониторинг нәтижелері көрсеткендей, аталған қызмет көрсету түрі бойынша стандарт жоқ, оның үстіне Өңірлік даму министрлігі әзірлеген стандарт жобасында қызмет көрсету нәтижесі ретінде Өңірлік үйлестіруші кеңес отырысы хаттамасынан үзінді көшірме танылады.

Сонымен қоса, аталған кеңестің өткізілуіне дейін, аталған отырыстан кейін де мәселелелі тұстар баршылық. Мысалы, кәсіпкер хаттаманы алғаннан кейін «Даму» КДҚ және екінші деңгейлі банкпен үшжақты шарт жасасуы керек.

Бұл рәсімдердің барлығының мерзімі белгіленбеген, ал бұл жағдай өз тарапынан жемқорлық құқық бұзушылық жағдайларының туындауына жағдай жасайды. Мысалға алар болсақ, Павлодар облысы бойынша жекелеген кәсіпкерлерге Өңірлік үйлестіруші кеңесте оң қорытынды алғаннан кейін 12 айдан астам аралықта қызмет көрсету ұсынылмаған.

Осындай ұқсас жағдайлар «Бизнестің жол картасы - 2020», «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы»бағдарламалары бойынша кепілдік пен гранттар ұсыну қызмет көрсетуде де орын алып отыр.

- Бізге мәлім болғандай, 2012 жылдың шілде айында Үкімет рұқсат беру рәсімдерін азайту және оңтайландыру бойынша шаралар қабылдауды қарастыратын Рұқсат беру жүйесін одан әрі реформалау тұжырымдамасын бекіткен, мемлекеттік қызмет көрсету саласында бұзушылықтар неліктен орын алып отыр?

- Иә, оныңыз рас, мемлекеттік органдар тұжырымдама талаптарын орындамайды. Қолданыстағы және әзірленіп жатқан мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына жүргізілген құқықтық талдау қызмет көрсету, мемлекеттік ақпараттық жүйелерде бар мәліметтерді сұрату, сілтемелік нормалардың тым ұзақ мерзімдерде белгіленетінін анықтады.

Осылайша, Ауыл шаруашылық министрлігі әзірлеген «Жануар өсіруді жүзеге асыратын өндіріс нысандарына есептік нөмірлерді беру» мемлекеттік қызмет көрсету стандартында қызмет тұтынушылардан ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін құжаттарды талап етуге жол берілмейтіндігі белгіленген. Сонымен қатар,аталған стандартқа сәйкес қызмет көрсету үшін жеке кәсіпкер куәлігі немесе заңды тұлғалардың мемлекеттік тікелуі (қайта тіркелуі) туралы анықтама немесе куәлігі талап етіледі.

Онымен қоса, кәсіпкерліктің ұйымдық-құқықтық формасы және (немесе) атауы өзгертілген жағдайда есептік нөмірді қайта рәсімдеу барысында осы органмен осыған дейін есептік нөмірдің берілгені туралы растау талап етіледі.

Көлік және коммуникациялар министрлігі (ауыр салмақты және ірі габаритті көлік құралдарына арнайы рұқсат беру) стандартында, Өңірлік даму министрлігі (құрылыс-монтаж жұмыстарының өндірісіне лицензиялар беру), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру) стандарттарында осындай бұзушылықтарға жол берілген.

Сонымен қоса, стандарттарға қызмет көрсету бойынша сілтемелік нормаларды қосу арқылы әкімшілік кедергілер жасалуда.

ҚР «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңына және Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2013 жылдың 14 тамыздағы № 249 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттары мен реттемелерін әзірлеу бойынша ережеге сәйкес, стандартта қызмет көрсетуден бас тартудың негіздемелерінің толық тізілімі көрсетілуі керек, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуда өзге нормативтік құқықтық актілерге сілтеме жасау нормаларын қамтымауы тиіс.

Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің «Қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздеме белгілеу барысында Экологиялық кодексінің 73 бабына сүйенеді, ал Әділет министрлігінің «Жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында алым мөлшерін белгілеу барысында Тіркеу қызметі комитеті төрағасының бұйрығына сүйенеді.

Стандарттардағы көрсетілген бұзушылықтар кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілер туындатады.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда қолданыстағы стандарттарды өзгерту не болмаса қызмет көрсету мерзімін қысқарту мен ұсынылатын құжаттар тізімін енгізе отырып, жаңа стандарттар әзірлеу бойынша шаралар қолданылуда.

Алайда стандарттардың басым бөлігі қазіргі уақытқа дейін қабылданбаған, осыған байланысты кәсіпкерлердің ескертулері мен ұсыныстары қолданыстағы стандарттар мен туындап отырған мәселелер төңірегінде қарастырылды.

Анықталған мәселелер мен заңбұзушылықтарды жою және олардың алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдау үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға тапсырма беруді сұрап, қоғамдық мониторинг қорытындысын Үкіметке және Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолдадық.

Дерекнамасы: kyzylorda-news.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер