astana-view

Болашақ мұнайшыларды жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды

2014 жылғы 10 Сәуір
2931 просмотров

Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы оқу орындары мен кәсіпорындар арасында ынтымақтастық орнатуда бірқатар жұмыстарды қолға алды. Соның бірі-өңірлік кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен Ақтау қаласында «Ақтаулық мұнай электронды компаниясы» ЖШС мен колледждер арасында ынтымақтастық орнату бойынша кезекті отырыс өтті. Кездесу аясында оқу орындары мен кәсіпорын арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат оқу сапасының жақсаруы және мекеменің кадр мәселесін шешуге бағытталған.

Заманауи қазақстандық академия жанындағы «Болашақ» колледжі, Маңғыстау политехникалық колледжі мен О.Тұрмағанбетұлы атындағы Жаңаөзен мұнай және газ колледжі жыл сайын мұнайгаз саласы бойынша мамандар дайындап шығарады. Алайда оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы байланыстың болмауынан, болашақ мұнайшылар жұмысқа орналасу кезінде қиындықтарға тап болып отыр. Осыны ескерген өңірлік кәсіпкерлер палатасы компаниялар мен оқу орындарының басын қосып, әріптестік қарым-қатынас орнату жөнінде мәселені көтерді.

«Бұған дейін Ақтаулық мұнай электронды компаниясының өндірістік базасында студенттерге арнап экскурсия ұйымдастырылған болатын. Енді алдағы уақытта олардың тәжірибе алуына және жұмысқа тұру мәселесі бойынша қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл мәселе-мұнай компаниясы мен колледждер арасында қол қойылған меморандумда көрсетілген. Қазіргі таңда бізде мамандар тапшы, оның үстіне біз жаңа цехты іске қосуды көздеп отырмыз, ол жерге де мамандар қажет. Айлық жалақы жоғары. Біздің қызметкерлер еуропалық технологиямен жұмыс жасайды, сонымен қатар Ресей және Германияда тәжірибеден өтеді»,-дейді «Ақтау мұнай электронды компаниясы» ЖШС-ның директоры Анатолий Ахмадов.

Айта кету керек, Ақтаулық мұнай электронды компаниясының басшылығы оқу орындарымен байланыс орнатуға келісім берген бірден-бір кәсіпорын болып табылады. Алдағы уақытта дуальды оқу бойынша тәжірибеден өту мәселесін көтерген тараптар, үш жақты келісімге қол қойылады деп уағдаласты.

«Жылда біз көптеген проблемалармен кездесеміз,  кәсіпорындардың басым көпшілігі  бізбен байланыс орнатуға қызығушылық танытпай отыр. Болашақ мұнайшыларды жұмысқа орналастыру былай тұрсын, өндірісте тәжірибеден өту үшін студенттерге мүмкіндік бермейді. Енді кәсіпкерлер палатасының араласуымен бұл мәселе өз шешімін тауып отырғаны бізді қуантады», – дейді «Жаңаөзен мұнай және газ колледжі» МКК директоры Бибінұр Әліпбаева.

Дерекнамасы: Munara.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер