Кәсіпкерлер палатасы «ЕЭО құру туралы» шарттың соңғы нұсқасын сайтта жарияламақ
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы» шарттың соңғы нұсқасын сайтта жарияламақ. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев мәлім етті.
«Өткен жылдың қараша айынан бері ҰКП сайтында келісімнің өзекті нұсқалары жарияланып тұрды. Қазіргі уақытта оның бес нұсқасы жарияланыпты. Соңғысы сайтта 2 сәуірде жарияланды. Бүгін-ертең алқа кеңесінің отырысы қарсаңында соңғы нұсқасын ұсынамыз», - деді ол.
Оның айтуынша, бұл барлық қауымдастық мүшелеріне, бизнес қоғамына шарттың негізгі баптарымен танысуға мүмкіндік береді. Биыл ҰКП 30-дан астам талқылаулар жүргізген. Ол жерде шарттың негізгі бөлімдері бойынша талқылаулар жүргізілген.
«ҰКП жұмысының қортындысында шарттың барлық баптары бойынша Қазақстан бизнес қауымдастығының ортақ ұстанымдары ұсынылды. Оның басым бөлігі қабылданды және үш жақты келіссөздер барысында алға тартылатын болады», - деп атап өтті Р.Ошақбаев.
Еске сала кетейік, «Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы» шарт Астанада мамыр айында қабылданады деп жоспарлануда. Ол толығымен 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Дерекнамасы: Казинформ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: