astana-view

БИЗНЕС ДАМИДЫ

2014 жылғы 11 Сәуір
2258 просмотров

Р.Ошақбаевтың мәлімдеуінше, Еу­разиялық экономикалық одақ Қазақ­стан үшін тиімді болады. Себебі біз Ресей мен Беларусь елдерімен салыстырғанда биз­нес-климат жағынан біршама озық тұрмыз. 

Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев пен «Қайталама метал­лургия өнеркәсіпшілерінің рес­публикалық одағы» қауымдас­ты­ғының төрағасы Владимир Дво­­рецкий алдағы айда дүниеге келетін Еуразиялық экономикалық одақ туралы сөз қозғады. 

Р.Ошақбаевтың айтуынша, Еура­зиялық экономикалық одақ құру шар­тының соңғы нұсқасы санаулы күндерден соң Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтына орналастырылады. Еліміздің бизнес-қауымдастығы осы шартты темір­қазық тұта отырып, Ұлттық кәсіпкерлер па­латасының алаңы арқылы Қазақ­станның одақ аясындағы ұстанымын айқындауға атсалысады. 

– Бүгінге дейін шарттың 5 нұсқасын жарияладық. Соңғы 2 сәуірдегі нұсқа да сайтта тұр. Алқаның қорытынды кеңесінің алдында шарттың соңғы нұсқасы жа­рияланады. Кәсіпкерлер мен қауымдас­тық өкіл­дері құжатты қарап, зерттеп, бізге өз ұсыныстарын бере алады, – деді Р.Ошақбаев. Сөз арасында ол 2010 жылы Кеден одағы, одан кейін бірыңғай экономикалық кеңістік құрылғанын атап көрсетіп, мамыр айында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылатынын және ол 2015 жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енетінін жеткізді. 

Басқарма төрағасы орынбасарының пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстанның шағын және орта бизнесі жаңа қарқынға ие болады. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының өкілі былай деді: «Біз эконо­микалық ықпалдастықтың белсенді жақтаушыларымыз. Оны құру барысында ҚР Үкіметіне бизнестің құқықтарын сақ­тауға бағытталған ұтымды тетіктерді ұсынып келеміз. Ықпалдастыққа күмән келтіруге болмайды. Оның ең басты пайдасы – біздің кәсіпкерлерге 170 мил­лиондық нарық ашылады. Бұл нарық біздің нарыққа қарағанда, 10 есе үлкен». 

Р.Ошақбаевтың мәлімдеуінше, Еу­разиялық экономикалық одақ Қазақ­стан үшін тиімді болады. Себебі біз Ресей мен Беларусь елдерімен салыстырғанда биз­нес-климат жағынан біршама озық тұрмыз. 

– Бізде салық деңгейі төмен және же­кеменшік құқықтары қатаң сақталады. Біздің заңнама бойынша, кез келген кәсіпкерлік субъектісі Үкіметке өз ұсы­нысын жолдай алады. Мұндай тәжірибе Ресейде де, Беларусьте де жоқ. Қазақстан бұл елдерге қарағанда Еуразиялық эко­номикалық одақ аясында бәсекелестік­ке төтеп беріп, елге инвестициялар мен кәсіпкерлерді тарта алады. Сондықтан ықпалдастықтан түсетін экономикалық пайданы біз жоққа шығармаймыз, – деп қорытты ол осыған қатысты ойын. 

Бұдан кейін Басқарма төрағасының орынбасары биылғы жылдың ІІ жар­ты­жылдығынан бастап «Азия Авто», «Са­рыаркаАвтопром» және «Астана моторс» сияқты қазақстандық авто­өндіруші компаниялар Ресей нарығына шығуы мүмкін деген ақпарат таратты. 

– Алматы іргесінде құрастырылатын «Hyundai» автобустары туралы бірнеше рет айтқан болатынбыз. Былтыр Қа­зақстанда құрастырылған осындай 2,5 мың автобус, Калининградта осындай өнім шығаратын ресейлік зауыт орналас­қанына қарамастан, Беларусь Респуб­ликасына жеткізілді. Себебі біздің өн­дірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігі жоғарылау болды. Енді Ресей нарығына шығу мүмкіндігі туып отыр. Осыдан 2 апта бұрын ғана біздің өнеркәсіптік құрастыру режимінің Ресейде қабылда­нуы туралы келісімге қол жеткізілді» деді ол.

Ал В. Дворецкий Еуразиялық эконо­микалық одақ Қазақстанның әлем­нің дамыған 30 елінің қатарына қосылуы­на ықпал етеді деп санайды екен. Бұл тура­лы Одақ төрағасы: «Үдеріс оңай жүріп жат­қан жоқ, дегенмен ол дұрыс бағытта келеді. Біз өз ұстанымдарымызды қорғау арқы­лы жағдайды ауыстырып жатырмыз. Мы­салы, Кедендік кодекске келетін болсақ, біздің кодекс әлдеқайда озық. Кедендік одақ құру туралы саяси шешім қабыл­данған кезде де біздің кодекс одан жақсы болды. Дегенмен үдеріс аяқталған жоқ, мұнда біздің ықпалымыз өте зор.Мен біздің алдымызда үлкен мүм­кін­діктер туа­тындығына сенемін. Біздің басты мақсат – әлемнің мейілінше да­мыған 30 елінің қатарына ену. Құрыл­ғалы отырған Эко­номикалық одақ бізге осы мақсатқа жетуге мол мүмкіндік береді» деді.

Дерекнамасы: Айқын


Еншілес ұйымдар

Серіктестер