astana-view

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеспен жұмыс істеуге құлықсыз шенеуніктердің соңына «шам алып» түспек

2014 жылғы 13 Сәуір
2381 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  бизнеспен жұмыс істеуге құлықсыз шенеуніктердің соңына «шам алып» түспек.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік өкілдіктері шенеуніктердің бизнеспен сұхбаттастыққа, олардың проблемасын талқылауға мойын бұрмайтындығы проблемасымен бетпе-бет келіп отыр.

«Біз жүйе болғанын қалаймыз. Тендерлік процедураларға қатысып жүрген үш кәсіпкерді шақырып алатын болса қандай сұхбаттастық болмақ. Олар еш мәселені көтермейтіндігі де белгілі. Бір сағаттың ішінде материалдарды беріп не болмаса алдын ала не айтатындығын құлақтарына құйып қояды»,- деді ол.

А.Мырзахметовтің айтуына қарағанда, кейбір өңірлердегі шенеуніктер бизнесмендермен кездесуге уақыттары жетпейтіндіктерін айтып сылтауратуда. Ал елордадағы шенеуніктер уақытының қауырттығына қарамастан бизнеспен сұхбаттастыққа уақыт тауып отыр.

«Ұлттық палатаның барлық ресурстары арқылы жария түрде мұндай шенеуніктерді жұмыс істетпеуге тырысамыз. Біз бұған қол жеткізетін боламыз», - деді басқарма төрағасы.

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер