astana-view

Көліктік транзиттің әлеуеті артады

2014 жылғы 19 Сәуір
2698 просмотров

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Мемлекеттік сатып алулар және жергілікті қамту департаменті директорының орынбасары Айгүл Қоңыртаева баспасөз мәслихатын өткізді. Ол шағын және орта бизнестің интеграциялық үрдістердегі рөлі туралы әңгімеледі.

Шараға «ҚТЖ» ҰК» АҚ Кор­поративтік даму жөніндегі бас­­қарушы директоры Ер­кін Жу­санбаев пен ұлттық компа­ния­ның Экономикалық интеграция департаментінің директоры Әлия Жұмабаева да қатысып, Еура­зиялық экономикалық одақ аясын­дағы теміржол қызметі туралы айтты. Мәслихат спикерлері эко­номикалық интеграцияның кәсіп­керлерімізге өте тиімді болатынына назар аударды. «Еуразиялық экономикалық одақ бизнесмендер үшін тиімді. Был­тырғы жылы Кеден одағы елдеріне экспорт ай­тарлықтай артты. Атап айтар бол­сақ, трансформатор 7,4, трактор 5,7, жүк көліктері 3,7 есе көбейген. Еура­зиялық экономикалық одаққа кіру арқылы отандық бизнес өкіл­дерінің бәсекелестікке қа­бі­лет­тілігінің артатындығы да мә­лім. Соның негізінде біздің биз­нес әлемдік нарық талаптары­на бе­­йім­делуі керек», деді А.Қо­ңыр­таева.

Осы арада, одақ аясында отандық бизнес өкілдері 200 млрд. доллардың нарығына қол жеткізетіндігін де айтып өткен жөн. Бұл ғаламат нарыққа Ресей мен Беларусь елдерінің муни­ци­палдық сатып алуларына қа­тысу арқылы мүмкіндік алады. Ал біздің мемлекеттік сатып алуларға Кеден одағының елде­рі бұрыннан қатысып келе жатыр екен. Әйтсе де, сатып алу кезінде өзіміздің отандық жаб­дықтаушыларға белгілі бір артық­шылықтар беріліп келген. Енді экономикалық одақ аясында бірыңғай мемлекеттік сатып алу орталығы жасалғандықтан, үш елдің де бизнес өкілдері бірдей деңгейде мемлекеттік сатып алуға қатысатын болады.

Еуразиялық экономикалық одақ аясында теміржол билетінің құны қымбаттамайды. «Еуразиялық экономикалық одақты құру кезін­де көлік қатынастарына қатыс­ты келісімшартта одақ ішінде темір­жолдың тарифін теңестіру мәселесі қарастырылып, бір­дей болсын делінген еді. Ре­сей теміржолының қызметі біз­ден 2-2,5 есе қымбат екені мәлім. Осыны ескеріп, біз бұл шешім­ге келіспедік. Сөйтіп, әр ел өзінің кө­лік қызметінің ақы­сын өзі ше­шетін болды», деді Е.Жу­сан­баев.

Сондай-ақ ол, Еуразиялық экономикалық одақ көліктік тран­зиттің әлеуеті мен бәсеке­лес­тікті арттыратындығын да айтты. Қазақстан, Ресей және Беларусь инфрақұрылымдарының шекаралас учаскелерінде тәуел­сіз тасы­малдаушыларға тең­дей мүм­­кіндік ашу мәселесі қарас­тыры­лып отырғанын да ортаға салды. Аталған телімдер Қазақстан мен Ресей аумақтарында локомотивтерге қызмет көрсетілетін орындардың шекарасы ретінде анықталатын көрінеді. Сөйтіп, тасымалдаушылар теңдей жағдайда жұмыс істеу мүмкіндіктеріне ие болады екен.

Дерекнамасы: Егемен Қазақстан


Еншілес ұйымдар

Серіктестер