astana-view

Байланыс шекаралық аймақтарда жандана түсті

2014 жылғы 05 Мамыр
3302 просмотров

Интеграция – елдер үшін игілік

Бүгінгі күні дүниежүзінде екі жүзге таяу интеграциялық бірлестіктер жұмыс істейді. Олардың арасында Еуропа Одағы, солтүстікамерикалық NAFTA, оңтүстікамерикалық MERCOSUR, АТЕС, БРИКС секілді әлемдік экономикалық даму үрдістеріне ықпал жасайтын алпауыт ұйымдар бар. Осыған қарап-ақ уақыт алға жылжыған сайын төрткүл дүниедегі интеграциялық өзара іс-қимыл мен экономикалық әріптестік әлеуетінің одан әрі нығайып, бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер өндіру мен сервистік қызмет көрсету бағыттары бойынша ортақ рынок қалыптасқанын айқын аңғаруға болады. Осындай толқынның алдыңғы қатарында белсенді қатысушы ретінде танылған Қазақстан Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік жүйесінде өз орны мен әріптестік іс-әрекетін жандандырып келеді. Шекаралық аймақта орналасқан Солтүстік Қазақстан облысы Ресей өңірлерімен сыртқы экономикалық, сауда-саттық қызметінде үлкен басымдыққа ие. Төменде осы жөнінде әңгімеленеді.

Нелли КУКУШКИНА, кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Елбасы биылғы Жолдауында дамыған 30 елдің қатарына кірудің стратегиялық жоспарын ұсынып, күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында алға ілгерілеу жолдарын белгілеп берді. Олардың ішінде басым бағыттар бойынша шағын және орта бизнеске ерекше екпін түсіріліп, Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі деген тұжырым жасалды. Бүгінде елімізде жұмыс істейтін 800 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілеріне 2,4 миллиондай адам тартылған екен. Осыған қарап-ақ индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудағы пәрменді рөлін бағамдай беруге болады. Бір-бірімен шырмауықша шырматылған әлемдік қауымдастық жаңа мемлекеттермен толығып, интеграциялық байланыстар жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысының 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де экономикалық өзара қа­рым-қатынастарға негізделген бір­­лестік құру жөнінде идея айтып, бастама көтергені бәріміздің есімізде. Содан бері Қазақстан осы үдерістің бастаушысы әрі белсенді қатысушысы бола жүріп, бүгінгі күні 170 миллион адамдық кең ауқымды рынокта өмір сүріп отыр. Осы кезең аралығында солтүстікқазақстандық бизнес субъектілері де сан жағынан өсіп, Біртұтас экономикалық кеңістікке ену барысында бәсекеге қабілеттілік талаптарын біршама игеріп алғаны байқалады. Өйткені, олар ресейлік әріптестерімен жиі байланысқа түседі. Көрші елде кәсіпкерлер қатаң тәртіпте жұмыс істейді. Маркетингтік қызмет, салық жүйелері жетілдірілген. «Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы туралы» Заң қабылданып, елімізде алғаш рет кәсіпкерлер үшін мін­детті мүшелікке негізделген ұйым пайда болды. Осылайша, биз­нес­тің мемлекетпен диалогтағы өкіл­дігіне көптеген өзгерістер енгізілді. Бұл бір жағынан, мықты қаржылық қолдауды қамтамасыз етсе, екінші жағынан, кәсіпкерлік қызметке қатысты туындайтын кез келген мәселелерді заңдық тұрғыдан шешуге, мүдделерін қорғауға жәр­дем­деседі. Облыста 21 мыңға жуық бизнес субъектілері тіркелсе, олардың жүз шақтысы ғана сауда-өнеркәсіп палатасына мүше болып келді. Мұндай жағдайда туындаған проблемаларды шешуде елеулі қиындықтар туатын. Енді аталмыш заң бизнес өкілдерінің билік орындарымен келіссөздерін жақсартуға басымдық береді.

Бізге арыздар жиі түсіп жата­ды. Солардың бірінде ауыл шаруа­шылығы саласында жүрген кәсіпкерлер экологиялық тәртіп бұзушылық жөніндегі заңның тым қаталдығына шағымданады. Енді мұндай мәселелерді өңірлік палаталар шеше алады. Болмаса ауылдық жерлерде тұратын бизнес өкілдерінде консалтингтік, заңгерлік компания да, бухгалтерлік фирма да жоқ. Алда-жалда салық төлеуде немесе қандай да даулы мәселе туындаса, көмекке дайынбыз. Отандық та­уар өндірушілер тарапынан Ұлттық компанияларға айтылатын реніштер аз емес. Мәселен, Петропавл қала­сында электр оқшаулағыш материалдар шығаратын екі кәсіпорын бар. Сапасы жоғары. «Қазақстан теміржолы» АҚ бұл өнімдерді шетелдерден сатып алады. Алдағы уақытта осындай жайттарға да назар аударатын боламыз.

Бизнес субъектілеріне пост-терминалдар енгізу жөнінде нор­мативтік акт қабылданғаны бел­гілі. Алайда, ешкім ауылда орна­ласқан бизнестің банктің келісімде көрсеткен айналымдарды жасай алмайтындығына мән бермеді. Ұлттық кәсіпкерлік палатасының наразылығынан кейін Үкімет бұл тұжырымдаманы қолдануды 1 шілдеге дейін шегерді. Себебі, шағын кәсіпкерлік талапты орындай алмаса, банк одан пост-терминалды алып қояды. Ал, пост-терминал жоқ болса, салық органдары айыппұл төлеттіреді.

Мәди ХАСЕНОВ, кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Біз интеграция ғасырын бас­тан кешіріп отырмыз. «Араласпаса, ағайын да жат болады» демекші, бүгінгідей жаһандану заманында оқшауланып өмір сүретін елдерді кездестіру қиын. Сол себепті әріп­тестік әлеуетімізді тиімді пайдалану жолдарын талмай іздестіре отырып, іскерлік қарым-қатынастарды жетілдіре түссек, сауда-саттық та кү­­шейеді, инвестициялық, интегра­­­­ц­иялық өзара іс-қимылымыз да жо­ғарылайды. Қазақстан бизнесті жүр­­­гізуге ең қолайлы жағдайы бар ел­дер тобына жатады. Үш мемлекет ара­сында Біртұтас экономикалық кеңістік /БЭК/ жүйесі орнағалы осы үрдіс одан әрі өрістеп, шағын және орта бизнес субъектілерінің өзара үйлесімділігі қамтамасыз етіле бастады. Өйткені, шағын және орта бизнес экономикамыздың қозғаушы күші екені айтпаса да түсінікті. Ол бірінші кезекте тауарлардың, қызметтердің, ең­бек ресурсы мен капиталдың маңыз­ды жақтарын қамтып, еркіндік пен қолжетімділік, фирма және салааралық интеграциялық басым бағыттарымен сипатталады. Соңғы кездері инновациялық өнімдерді экспорттау, өндірістік жобаларға қатысу, шетелдік компаниялармен біріккен кәсіпорындар құру маңыздылығының арта түскенін аңғаруға болады.

Бүгінгі күні Ресей және Бела­русь мемлекеттерімен сауда-эконо­микалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, басқа да салалар бойынша байланыс аясы тіпті кеңіді. Өңірдің 30 кәсіпорны өз өнімдерін жүйелі экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Атап айтатын болсақ, «С.Киров атындағы зауыт» Бүкілресейлік автоматтандыру және байланыс ғылыми-зерттеу институтымен микропроцессорлық блоктау жүйесінің бағдарламалық қамтамасыз етілуін және кешен­дік локомотивтік қауіпсіз қондыр­ғыларын әзірлеу мен жеткізу бойынша, сондай-ақ, осы жабдықтарды шығару кезінде ғылыми-әдістемелік басшылықты жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты бірнеше жылдан бері жалғастырып келеді. «ЗИКСТО» АҚ Мәскеу қаласындағы «Промтехэксперт» мекемесімен бірлесіп, жүк вагондарының пайдалану мерзімін ұлғайту мақсатында оларды техникалық диагностикалау жұмыстарын аяқтауға жақын. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «ХИМПЭК» Орал холдинг компаниясымен бірлесіп, өндіріске ғылым мен техника жетістіктерін, инновациялық жобаларды жедел­детіп енгізу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарына қазақстандық, ресейлік кәсіпорындар үлкен қызығушылық танытып отыр.

«Сұлтан» ЭММК» АҚ Қызыл­жар­дың сапалы бидайынан жасал­ған макарон өнімдерінің 40-қа жуық түрлерін алыс-жақын шетел­дерге жөнелтеді. Сол сияқты «Бога­тырский продукт», «Надежда» серіктестіктерінің өнімдері де үлкен сұранысқа ие.

Светлана САВИНКОВА, кедендік бақылау департамен­тінің бөлім жетекшісі:

– Біртұтас экономикалық кеңіс­тік экономиканы реттеудің бір­тектес механизмімен жұмыс істеу, келісілген саясат жүргізу, тауарлардың, қызметтің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету деген ұғымды білдіреді. Кеден одағына енуге орай кеден заңын реттейтін негізгі құқықтық акт – «Кеден ісі туралы» Кодекске өзгерістер енгізіліп, Үкіметтің жиырмадан астам қаулысы қабылданды. Одақ қарамағындағы үш мемлекет арасында тауарлар мен қызметтер шекарадан төлем ауыртпалығынсыз және қағазбастылықсыз өту үшін бизнесті оңтайландыру жолдары рәсімделді. Сөйтіп, кәсіпкерлерге өз тауарларын өткізу нарығы әлдеқайда кеңіді. Сонымен қатар, олардың Ресей мен Беларусьтегі әріптестерімен еркін бәсекелестікте кәсіби деңгейін жоғарылатуға деген ынта-жігері мен іске деген жауапкершілігі күшейтілді. Кедендік шекара Кеден одағының сыртқы шекарасына көшірілгеннен кейін солтүстікқазақстандық кеден­шілердің міндет жүгі бірша­ма жеңілденді. Қайта құру үдеріс­терінен кейін 11 кедендік бекеттің қызметі тоқтатылды. Керісінше, ішкі үш бекеттің жұ­мысы негізінде астық өнімі­­нің экспорты мен қажетті тауар­лар импортын кедендік рәсім­деу бағытындағы шаралар күшей­тілді. Қызылжар өңірінің экспорт­таушы кәсіпорындар үшін Біртұ­тас экономикалық кеңістік қалып­тас­тырудың қолжетімділігі арқасында Еуропа елдеріне қосымша шығу мүмкіндіктері ашылды.

Кеден одағына қатысушы елдер­дің тауар айналымындағы өңірдің жалпы үлесі 75 пайызға жуық. Былтыр сыртқы тауар айналымы 628,4 миллион АҚШ долларын құрады. Облыста шығарылатын өнімдер мен тауарлар әлемнің 30 мемлекетіне тарайды. Экспорттың 63 пайызы ТМД елдеріне тиесілі. Өткен жылы 320 миллион доллардың 1,348 миллион тонна сапалы астығы, 46 миллион доллардың 163 мың тонна ұн өнімі 13 елге жөнелтілді. Импорт бойынша 46 елмен байланыс жасалынады. Олардың ішінде Германия, Украина, Қытай басымдыққа ие.

Департамент жұмысында кеден ісіндегі түрлі құқық бұзушылық пен қылмыстарды болдырмауға, алдын алуға да үлкен мән беріледі. Былтыр 29 қылмыстық оқиға тір­келсе, 23-і экономикалық контра­бан­даға қатысты болды. 5,5 миллион теңгенің заңсыз тауарлары тәр­кіленді. 36 әкімшілік заңсыздық орын алып, 5,8 миллион теңге айыппұл салынды.

– Бұл ретте басты әріптес ретінде Ресей Федерациясы аталатын болар?

С.Савинкова: – Әрине. Ресеймен тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 2013 жылы 5 пайызға өсіп, 702 миллион долларға жетті. Бұл ретте экспорт 36 пайызға артып, 66 миллион доллар болды. Импорт 2 пайызға көбейіп, 636 миллион доллардан асып жығылды. Көрші елге негізінен бидай мен ұн экспортталады. Жыл өткен сайын оның өсімі молайып келеді. Бидай көлемі – 12,5 пайызға, ұн 40 есеге артты. Ал, Ресейден машиналар, көлік құралдары, құрал-жабдықтар, химия өнеркәсібі бұйымдары, өсімдік майлары әкелінеді.

Н.Кукушкина: – Ресейдің шекаралас Омбы, Түмен және Қорған облыстарымен ынтымақтық сауда-экономикалық, ғылыми-тех­никалық, гуманитарлық, денсаулық сақтау, білім, тағы басқа салалар туралы жасалған келісімдер негізінде жүр­гі­зіледі. Ресми делегациялармен тәжірибе алмасу барысында бір-бірімізден үйренеріміз көп. Былтыр Қорған, Түмен облыстарының бизнес делегациялары жұмыс сапармен болып, ықтимал серіктестіктер арасында байланыс биржасы ұйым­дастырылды. Облыс іскерлік топта­рының Калуга қаласына сауда-эконо­микалық миссиясы табысты орындалды.

А.Хасенов: – Солтүстік Қа­зақ­стан және Ресей Федера­циясының кәсіпорындары арасында қол қойылған құжаттар арасында өзара тиімді тауарлар жеткізуге және қызметтер көрсетуге бағытталған шаралар аясы кең.

Қол қойылған меморандумдар шеңберінде «Қазмұнайгазмаш» АҚ мұнай және газ тасымалы үшін жинақталымдарын жеткізу және ұңғыма аузының құрал-жабдықтары мен құбыр арматураларын өндіру жөнінде Қорған қаласының «Кор­вет» ААҚ-мен, мұнай және газ та­сымалы үшін құбыр арматурала­рын жеткізу жөнінде Түмен қаласының «Нефтемаш» ААҚ-пен уағдаластық орнатты. «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» АҚ Омбы, Қорған, Ишим қалаларына полиэтилен және қысымды су құбыр­ларымен қамтамасыз етуге келісті.

Кеден одағы, Біртұтас эконо­­ми­калық кеңістік құрудың табыс­ты­лы­ғы, пайдалылығы еш талас ту­дыр­май­ды. Жүргізілген мони­тор­ингтік талдау­ға қарағанда, шетел­дік кәсіпкерлердің өз тауарлары мен өнімдерін Қазақ­станға орна­лас­­тыруға деген ынтасы жоға­ры. Әсі­­­ре­се, шекаралық аймақ­тарда ө­з­­­­ара байланыстың күрт өскені аңға­ры­лады.

Дерекнамасы: Егемен Қазақстан


Еншілес ұйымдар

Серіктестер