astana-view

Ақтөбеде кәсіпкерлер кеңесі мен облыс әкімдігі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды

2014 жылғы 29 Сәуір
2292 просмотров

Ақтөбеде Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, жиында облыстық ӨКП мен облыс әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Іс-шараға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, мемлекеттік органдар басшылары, сондай-ақ ірі және орта бизнес субъектілерінің өкілдері қатысты.

Бұл туралы Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен хабарлайды. 

Жиында Ақтөбе облысы Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов Тәуелсіздіктің 22 жылында Қазақстанда ұлттық кәсіпкерлер өз аяғына нық тұрып қана қоймай, еліміздің экономикалық һәм әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғанын тілге тиек етті.

«Отандық кәсіпкерлердің аяғына нық тұруына осы жылдар аралығында Президент пен Үкімет барынша қолдау көрсетіп, жан-жақты көмек беріп келе жатқанын атап айтқым келеді. Билік тарапынан осынша қамқорлық көрген бизнес қауымдастығының енді жауапкершілікті өз қолына алып, әлеуметтік және экономикалық сектордың жұмысын ілгерілететін уақыт келді. Ал бұл жұмысты біз Өңірлік кәсіпкерлер Палатасының мүмкіндігі мен әлеуетін пайдалана отырып жүзеге асыра аламыз», - деді ол.

Кеңес төрағасы сондай-ақ барша кәсіпкерлерді палатаның облыс аумағында ұйымдастырып отырған бизнес жобаларына белсенді түрде атсалысуға шақырды.

Жиын барысында сөз алған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жұмысын құрылған күннен бастап қолдап келе жатқанын және онымен бірге жұмыс істеуге қашанда ықыласты екендігін тілге тиек етті. Ол сондай-ақ жергілікті басқару органдарын аймақтық палата жұмысына жан-жақты қолдау білдіруге шақырып, орган басшыларына нақты тапсырмалар беріп, облыс әкімдігі аппаратының ішінен кәсіпкерлермен тікелей жұмыс жасайтын арнайы кәсіпкерлік басқармасының ашылатынын жеткізді.

«Шағын және орта бизнесті сапалы жаңа деңгейге көтеру қажет. Бүгінде Елбасы бизнесті қолдау бойынша теңдессіз шаралар қолдануда, Ұлттық қордан 1 триллион теңге мөлшеріндегі қаражат бөлінді», - деп түйіндеді өз сөзін аймақ басшысы.

Облыс басшысынан кейін сөз тізгінін алған Ақтөбе облысы ӨКП директоры Төлеміс Шотанов мырза жиналғандардың алдында атқарылған жұмыстарға есеп берді. Атап айтқанда, ол аймақтық палатаның «Нұрдәулет» сауда орталығына жабылу қаупі төнгенде оған ара түсіп, ондағы 500 кәсіпкердің жұмыссыз қалуына жол бермегенін, сондай-ақ «Батыс Мұнай» ЖШС-ін заңсыз салынған 700 млн.теңге салықтан босатып, банкроттықтан құтқарғанын көпке жария етті. 

Алқалы жиын Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетов пен Ақтөбе облысы ӨКП кеңесінің төрағасы И.Салжановтың өзара ынтымақтастық меморандумына қол қоюымен аяқталды.

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер