astana-view

150 ардагерге шұғыл жағдайда белгі беру қондырғылары тапсырылды

2014 жылғы 07 Мамыр
2739 просмотров

Ұлы Отан соғысының ардагері Бесет Мажағұлов жаңа аппаратты бірінші болып алды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері ардагердің үйіне қондырғыны орнатып, оны қалай пайдалану керек екенін түсіндірді. Арнайы қондырғы шұғыл жағдай кезінде жауапты қызметке белгі беруге арналған. Тиісті тетікті басу арқылы ардагерлер тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай көмек орталығының қызметіне жүгіне алады. Ал арнайы белгі алған орталық болса, ардагердің тұрған мекенін анықтап, ол жерге жедел көмек жібереді.

Бесет Мажағұлов, Ұлы Отан соғысының ардагері:
-Пайдасы көп конечно оның. Қазір менің үйде балаларым бар, ауырып қалғанда телефонмен скорый помощ шақырады. Ал мынау жақсы ғой, жүгіріп барады да, кнопканы басып, шақырып, уақытында келеді скорый помощ. Ол да жақсы ғой. 

Игі шараның басталғаны туралы хабарлап, арнайы баспасөз мәжілісін өткізген ұйымдастырушылар, жобанының бір жылдық шығынын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз мойындарына алғанын айтты. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев қариялар атынан мұндай тарту үшін алғыс білдірді.

Өмірзақ Озғанбаев, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы:
-1418 күн, 1418 түн қар төсеніп, мұз жастанып, сол соғыстың окоптарында денсаулығын берген, от пен өлімнің арасынан келген қоғам қандай кеңшілік, қандай жақсылық жасаса да артық емес. Біз сондықтан бүгін Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасына шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Мамандардың айтуынша, әлемнің дамыған елдерінде мұндай қызмет түрі 30 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Елімізде енді қолға алынған қайырымдылық жобасы алдымен Астана және Алматы қалаларында, кейін өзге өңірлерде де жүзеге асырылатын болады.

Дерекнамасы: Хабар


Еншілес ұйымдар

Серіктестер