astana-view

ҰОС ардагерлері "SOS" тетігімен қамтылды

2014 жылғы 06 Мамыр
2489 просмотров

Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы Ұлы Отан Соғысының ардагерлерін қолдау бойынша «Өмір жолы» жобасын жүзеге асыруды бастады. Бұл туралы бүгін ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлім етті.

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Отан соғысының жүз елу ардагеріне шұғыл жағдайда белгі беруге арналған қондырғы орнатты. Қондырғы «Өмір жолы» жобасы аясында беріліп отыр.

«Өмір жолы» - бұл қарттар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жедел жәрдем шақырудың тәуліктік қызмет. Төтенше жағдайда батырманы басқанда немесе құрылғы жұмыс істеген кезде, дабыл автоматты түрде тәуліктік Көмек орталығына түседі. Сол кезде оператор симптоматика және жеке денсаулық паспортындағы мәліметтер бойынша жедел жәрдем, ТЖМ және басқа қызметтерді шақыртуға шешім қабылдап, науқастың туыстары мен көршілеріне хабарлайды, қажетті көмек көрсетудің барысын қадағалайды.

Десе де, жобаны қолға алғандар әзірге бұл тек Астана мен Алматы қалаларының қарттарына ғана қолжетімді болып тұрғанын айтады.

«Жоба әзірге Алматы мен Астананың ардагерлеріне қолжетімді болып отыр. Бір айдың ішінде өзге де облыс орталықтарының басшыларымен келіссіөздер жүргізіп, өңірлердің инфрақұрылымын байқаймыз. Өйткені, бұл механизмнің жұмыс істеуі үшін қаражат емес, бастысы, инфрақұрылымның дайындығы болып отыр. Мысалы, дабыл орталыққа келіп түсуі үшін телефон желісі болуы керек. Жедел Жәрдеммен қосылуы керек. Яғни, құрылғының жүміс істеуіне жағдай жасалуы керек», - деді Нұржан Әлтаев.

Қарт азаматтардың өмір жасын ұзартып, өлім жағдайларын азайтуды көздеген жобаны жасаушылар алдағы уақытта қондырғы ардагерлерге ғана емес, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен өзге де қарттар арасында кеңінен қолданылатын болады деген сенімде.

«Бес алты жылдан соң, бұл қондырғы біздің елімізде де әлеуметтік ұалыпқа айналады деп ойлаймын. Қазіргі таңда Батыс елдерінде мұндай қызмет отыз жылдан бері көмекке зәру азаматтарға тиімді жұмыс істеп келеді. Ал, көрші Ресейде бұл екі жылдан бері сәтті қолданыста», деді «Өмір жолы» жобасының өкілі Ілияс Омаров.

Айта кетейік, «Өмір жолы» әлеуметтік жобасы 2013 жылы «Atameken Start-up» бизнес-ой байқауында бірінші орын алғаннан кейін, оны Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы таңдап алған болатын.

Сондай ақ, тәулік бойы тоқтаусыз қызмет көрсетуге дайын қызметтің құны жиырма бес мың теңге. Ал абоненттік төлем жылына отыз алты мың теңге тұрады. Мұның барлығын жоба бастамашылары Алматы мен Астана қаласының жүз елу ардагеріне тегін орнатып, бір жыл бойғы қызмет ақысын өтеген. 

Дерекнамасы: BAQ.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер