astana-view

Алматы облысында кәсіпкерлерді оқытуға шетелдік мамандар тартылады

2014 жылғы 11 Мамыр
2279 просмотров

Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы жұмысын жаңа бастаған кәсіпкерлерді оқыту үшін шетелдік мамандарды тартуды ұсынды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жақында ғана жаңадан ашылған Жас кәсіпкерлік орталығында «Кәсіпкерлік-2050» форсайт-жобасының кезекті сессиясы өтті. Сессия жұмысына жуырда ғана «Atameken startup» байқауынан өткендер қатысты. Жиында жоғары оқу орындарының кадр дайындау мәселесі талқыға түсті.

Талқылау барысында оқу жүйесіндегі басты кемшіліктер – білім берудің ескі жүйесі, менталитет, кадрлар тапшылығы, оқытушылардың білім деңгейінің төмендігі екені анықталды.

«Жоғары оқу орындары неге бизнеске кадр дайындай алмайды» деген сауалға жауап іздегенде, университеттер кәсіпкерлер дайындауға мүдделі емес екендігі анықталған. Бұл мәселені шешудің бір жолы – шетелдік мамандарды тарту. «Егер Қазақстанның жоғары оқу орындарында дәрістер ағылшын тілінде жүргізілсе, әлемдегі бәсекелестігіміз бірнеше есе артар еді», - дейді шараға қатысушылар.

Студенттер әлеуметтану, тарих, экология және т.б. пәндердің сағатын қысқарту керек деген ұсыныстар жасаған. Оларды мектептің бағдарламасына қосу немесе факультативтік пәндер ретінде қарастыру керек. Оның орнына арнайы бағдарламалар мен өзін-өзі дамытуға, кәсіптік бейімдеу жұмысына көп көңіл бөлу қажет.

Сонымен қатар, оқыту әдістемесін де ауыстыру керек, пікірталастардың санын арттырып, жастардың өз ойларын еркін жеткізуге мән беру қажет.

Жоғары оқу орындары мен бизнестің бірлесіп жұмыс істеу схемалары белгіленді. Бір топ университеттерде кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға бағытталған тренингтер өткізу керек десе, енді бір топ студенттер дипломдық жұмыстарын қорғайтын уақытта бақылаушылар ретінде жұмыс берушілер қатысуы керек дейді. Осылайша, студенттердің бизнес жобаларына кәсіпкерлердің назарын аударуға болады дейді олар.

Сонымен қатар, студенттер университет қабырғасында оқып жүріп, бизнеспен жақыннан танысуы үшін оқу бағдарламасына «Кәсіпкерлікті дамыту» пәнін енгізу қажет деген ұсыныс қызу қолдау тапты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер