astana-view

Кәсіпкерлер Астанада бас қосады

2014 жылғы 15 Мамыр
2262 просмотров

Қазір Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  құрылып, аймақтарда кәсіпкерлер кеңесі жұмыс істей бастағаны белгілі. Үстіміздегі жылдың маусым айының ішінде Астана қаласында Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірінші съезі өтетін болады. Оның мақсаты — шағын және орта бизнесті дамытуда біртұтас ұстанымдарды қалыптастыру. Бизнес қауымдастықтары үшін алдағы съездің маңызын ескере отырып, кеше «Капитал Плаза» бизнес орталығында Ақтөбе облысы кәсіпкерлерінің бірінші форумы өтті. Басқосуды қысқаша сөз сөйлеп ашқан кәсіпкерлердің аймақтық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қоғамдағы алатын маңызына, палатаның тікелей араласуымен таяу арада аймақтарда жүзеге асырылатын жұмыстарға тоқталды.

 — Ұлттық кәсіпкерлер палатасының үлкен бір жоспары — әр ауданда аймақтық палатаның филиалын ашып, әр ауданның, әр ауылдың кәсіпкеріне жету, қолдау көрсету. Ең бірінші қаражат мәселесін шешу керек. Банктердің филиалдары көпшілік аудандарда, ауылдарда әлі де ашылған жоқ. Осы жағдай, яғни ауылға қаражат жеткізу мәселесі бізді қатты толғантуда, бұл ретте өзіміздің ойларымыз бар. Қазір аймақтық палатаның жанынан кәсіпкерлерге қолдау көрсететін орталық ашып жатырмыз, — деді аймақтық кеңестің төрағасы.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Төлеміс Шотанов шағын және орта бизнесті дамытудағы жергілікті жерлердегі атқарылған жұмыстарды ортаға салды.

Облыс кәсіпкерлерінің бірінші форумы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірінші съезіне Ақтөбе облысының атынан баратын алты делегаттың тізімін бекітті. Сол съезде айтылатын ұсыныстарды талқылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер