Атырау облысының Ресей және Беларусь мемлекеттерімен тауар айналымы артып отыр
Кедендік одақ бәсекеге қабілетті отандық тауарлардың экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік берді. Атыраулық кәсіпкерлердің пікірі осыған саяды. Соңғы жылдары Атырау облысы мен Ресей және Беларусь мемлекеттері арасындағы тауар айналым артып отыр. Мысалы, былтырғы қаңтар - ақпан айларында тауар айналым 35 млн АҚШ долларын құраса, биылғы жыл басында 50 млн долларға жақындаған.
Ендігі мақсат - экспорт салмағын арттыру. Кедендік одақтың артықшылықтарын сезіне бастаған атыраулық кәсіпкерлер туралы әріптесім Базаргүл Нәдірқызы баяндайды.
Бұл - Атыраудағы «Амангелді» өндірістік кооперативі. 80 жылға жуық тарихы бар балық шаруашылығының қарқыны қарымды бүгінде. Ай сайын 2 мың тонна балық өнімдерін шығарады. Оның 80 пайызы шетелге экспортталады.
Салахадин Калимов, «Амангелді» өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары:
Бұрын жылына мың тонна жасаған өнімдеріміз бұрын Ресей мен Беларусьқа 30 пайызы кетсе, қазір 2010 жылдан бері 60-70 пайызға көтерілді. Қалған 20-30 пайызы Украина басқа да шетелге жіберіледі. Құжат рәсімдеу оңай. Қазақстан кәсіпорындарына қалай жібереміз, сол қағаздармен Ресей, Беларусьқа да сол қағаздармен жібереміз.
Ал 2011 жылы ветеринария талаптарынан сүрінбей өтіп, Еуропаға жол ашқан. Бұл балық кәсіпорны қазір ТМД елдерімен қатар, Еуропаның Германия, Франция, Америка сықылды алпауыт мемлекеттерге қазақ балығын жөнелте бастады. Айтуларынша, еуропалықтар тарапынан мұздатылған балыққа сұраныс айрықша, ал Кедендік одақ елдері кептірілген түріне құмар. Демек талап жоғары. Аса жауапкершілікті цехтағы қарапайым жұмысшыға дейін сезінеді.
Қалжан Сұлтанова, бригадир:
Балығымызды мұзбен қаптау ұзақ сақталу мерзімін қадағалайды. Сондықтан осы жұмысымызға белсене араласа отырып, жұмысымызды алға өрлету жолында бар ынтамызды салып жатырмыз.
Шикізатты өңдейтін заманауи жабықтар Ресей мен Беларусь елдерінен тасымалданады. Одан өзге Атырауға сүт өнімдері, қара металл, түрлі қазандықтар мен көлік құралдары имортталады. "Кедендік одақ Атырау секілді өндірісті аймақ үшін үлкен нарықтың есігін ашты",- дейді өңірлік кәсіпкерлер палатысының өкілдері.
Асылбек Жәкиев, Атырау өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы:
Біріншіден, ол үлкен нарық. 160 млн халқы бар. Екіншіден, Қазақстанның Шығыс порттарға ашық мүмкіндіктері жоқ қой, сондықтан Ресей арқылы порттарға шыға аламыз.
Айтпақшы, бір топ атыраулық кәсіпкер бүгін Беларусь елінің Гомель облысында өтетін экономикалық форумға аттанып кетті. Көрме ауыл шаруашылығы тауарларына бағытталмақ. Оның ішінде «Амангелді» өндірістік кооперативі де бар. Ол жерде әріптестік туралы жаңа келісімге қол жеткізетіндеріне сенімді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: