Өндірістегі мамандар «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелден тағылымдамадан өтеді
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы техникалық мамандарды шетелде тағылымдамадан өткізу бағдарламасын жүзеге асырады. Бұ туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етілді.
ҰКП адами капиталды дамыту департаментінің директоры Асқар Әбубәкіровтің айтуынша, Ұлттық палата Халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесе экономикадағы аса қажетті салалар бойынша мамандарды іріктейді. Бірінші кезекте басымдық бағыттар машина жасау, энергетика, құрылыс, медиа, медицина және ауыл шаруашылығы салаларына беріледі.
«Бұл жобаның ерекшелігі - егер біз бұрын шетелден білім алуға студенттер мен басшылықтағы мамандарды жіберіп келсек, енді техникалық мамандарды, яғни технологтар, шеберлер, инженерлер сияқты өндірістегі жұмысшыларды жібереміз. Олар сыннан сүрінбей өтіп, грантты жеңіп алса, өздері таңдаған шет елге барып 1-ден 12 ай көлемінде білім алып қайтады», - деп атап өтті А. Әбубәкіров.
Оның айтуынша, бұл жобаға қызығушылар өте көп, екі аптаның ішінде 20 шақты сұраныс келіп түскен. Осы орайда ұлттық палатаның басты мақсаты аймақтарда жұмыс жасап жүрген мамандарды көптеп тарту болып отыр.
«Конкурсқа 3 жыл еңбек өтілі бар және кемінде 1 жыл өз мамандығы бойынша қызмет еткен мамандар қатысады. Дипломның балы есепке алынбайды және кепілге жылжымайтын мүлік қою талабы жоқ. Тағылымдамадан өтіп келген маман өзін жіберген кәсіпорында кем дегенде 3 жыл қызмет етуге міндетті. Тәжірибе Германия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ұлыбритания сияқты елдерде өтеді», - дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов.
Оның айтуынша, конкурсқа қатысу үшін құжаттар 31 шілдеге дейін қабылданады. Биыл мемлекет тарапынан 1100 стипендия бөлініп отыр. Былтыр 500 адам шетелден тағылымдамадан өтіп келген болатын.
Ғ. Нығыметовтың айтуынша, үміткерлер конкурстың үш кезеңінен өтеді. Біріншісі, қазақ тілінен тест, екіншісі, психологиялық әңгімелесу, үшіншісі, тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен әңгіме. Осыдан кейін республикалық комиссия нәтижелерді қарастырып, стипендия тағайындайды.
Дерекнамасы: Қазақпарат
Пікір қалдыру:
Пікірлер: