СЪЕЗГЕ ДЕЛЕГАТТАР САЙЛАНДЫ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасының I съезі өтеді. Оған біздің облыстан төрт адам қатысады.
Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Қуаныш Бишімовтің айтуынша, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы төралқасының шешімімен аталмыш съезд 2014 жылғы маусым айының үшінші онкүндігінде өтеді. Ол ұйым қызметі үшін маңызды стратегиялық шешімдер қабылдайтын жоғарғы басқару органы болып табылады.
Өңірлік кеңес мүшелері облыс ерекшеліктерін ескере отырып, съезге делегаттардың тізімін анықтап, оны бірауыздан мақұлдады. Олар оған съезде өңіріміздің қайта өңдеу өнеркәсібі мүддесін қорғайтын “Молочный союз” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Кузлякинді, агроөнеркәсіп кешенінен – “Арқалық” шаруа қожалығының басшысы Нағашыбай Барлыбаевты, машина жасау саласынан “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ бас директоры Қуаныш Бишімовті лайық деп тапты. Сонымен бірге облыстағы шағын және орта бизнес өкілдері атынан энергетика саласындағы сараптамалық кеңес мүшесі, қалалық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Александр Казанцев ұсынылды.
1 маусымға дейін өңірлік кеңестің барлық мүшелері әртүрлі салаларда қызмет етіп жүрген бизнес өкілдерімен кездесіп, съезд мінберінде және жеке секцияларда айтылатын ұсыныстарын талқылайтын болады.
Облыс кәсіпкерлерінің съезд алдындағы конференциясы 28 мамырда өтеді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: