astana-view

Еуразиялық интеграция – Қазақстан экономикасының жаңа бағыты

2014 жылғы 20 Мамыр
9827 просмотров

Дамудың жаңа динамикасы

Жаһанданған заманда инте­грацияға ұмтылыстың болуы заңдылық. Шағын мемлекеттерді былай қойғанда, алпауыт елдердің өзі экономика мен саясатта өзіне серік іздейді. Одаққа бірігу, бір жағынан, экономикалық мүддеге байланысты болса, екінші жағынан, қорғанудың бір әдісі іспетті. Себебі, біз континенталды, мұхитқа шығар тура жолы жоқ мемлекетпiз.

«Досы көпті жау алмайды» деген нақыл сөз өз маңызын жойған емес. Тарихи деректерге сүйенсек, шекараны біржола ашып тастап, одақ құрған деректер кездеседі. ХІХ ғасырда-ақ Франция мен Монако, Швейцария мен Лихтенштейн арасындағы кедендік одақ жаңа тарихи кезеңдегі зайырлы принциптермен құрылған алғашқы құрылымдардың бірі болып табылады. Ал қазір АҚШ, Мексика, Канада үштігінің NAFTA одағын, Еуропалық одақ­ты, Оң­түстік-Шығысазиялық АСЕАН, Оңтүстік Американың бір­қатар елдерін қамтитын Mer­cosur сияқты бірнеше әлемдік құры­лымдарды атауға болады. Осы аталған құрылымдарға мүше-мемлекеттердің қай-қайсысы да әлемдік бәсекеде өз мүддесін қорғау үшін ғана емес, бір-бірінің мүддесін бірлесіп қорғау үшін де біріккен.

Кеден одағы да осы мақсатта құрылған. Сондықтан да бүгінгі жаһандану заманында біз кедендік одақтан кете алмаймыз. Кеден одағы түрлі бағыттағы ынтымақтастыққа жол аша отырып, бірлескен өндіріс орындарын құру есебінен одақтас елдердің индустрияландыру сая­сатына ықпал етуге мүмкіндік беріп, сыртқы тауарлар экспанциясынан қорғануға жол ашады. Сонымен қатар, елдердегі тауар құны теңестірілген соң, бәсекелестік басталатыны тағы бар. Ал бәсеке бар жерде, сапаның артатыны заңды құбылыс. Мұндай пікірді Ресей, Қазақстан және Беларусь елдерінің экономист-сарапшылары бірауыздан айтуда.

Қазір осы бағыттағы зерттеулер нәтижесін шартты түрде екі топқа бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы – Ресей, Беларусь және Қазақстан үшін БЭК және Кеден одағына бірігудің зардап­тарын бағалауға арналса, екін­шісі – Украина интеграциялық бірлестікке қосылған уақыттағы оң көрсеткіштер мен зардаптарды ашып көрсетеді. Зерттеу авторлары ТМД кеңістігіндегі ықпалдастыққа қатысты болуы мүмкін алты нұсқаны іріктеп алған.

Күні бүгінге дейін Кеден одағының геосаяси маңызына назар аударылмады. Мысалы, бұл күнде Қытайдың экономикалық үстемдігінен қорықпайтын ел жоқ. Көршіні былай қойғанда, алыста жатқан қуатты Еуропа мен АҚШ-та бұл мәселені назардан тыс қалдырмайды. Ресеймен одақтас болу осы Қытайдың Қазақстанға қатысты үстемдігін тежеп, тепе-теңдік сақтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте Қазақстан өзінің Еуропа мен Қытай арасындағы көпір іспетті екендігін көрсетеді. Ол Ресей аумағы арқылы еркін жүруге арналған дәліз сияқты. Бұл алғышартты орындауда Қазақстанның да сүбелі үлесі бар.

«КСРО-ны қайта құру жолын­дағы одақ» деген де пікір айты­лады. Бұл – түбірімен қате ай­тылған сөз. Себебі, интеграция ешуақытта күшпен жасалған емес, ал КСРО кезінде ешқашан интеграциялық ансамбль болма­ған. КСРО күштің, зорлық-зом­былықтың іс-әрекетімен құрылған. Ал күшпен пайда болған нәрсе мәңгі болмайды. Еуразиялық одақ белгілі бір келісімнің, инте­грацияның нәтижесінен туын­дап отыр. Әр мемлекет өз егемендігін сақтап қалады. Ал КСРО-да ондай болған жоқ. Ол одақ мемле­кеттерге тәуелсіздік бере алма­ды. Араларында келісім деген аты­мен болған жоқ. Бәрі де Мәс­кеу­ден басқарылды. Яғни, олар инте­грациялық байланыста болмады.

Сонымен қатар, Кеден ода­ғын­да, Біртұтас экономикалық ке­ңістікте Қазақстан Республика­сы мүшелес елдермен салыстырған­да бизнес жүргізу тұрғысы­нан бірнеше басымдылықтарға ие болуда. Мысалға алатын болсақ, Ресейде қосымша құн салығы 18% құраса, Белоруссияда – 20%, ал біздің елде 12% құрап отыр. Бизнес үшін 6-8% едәуір артықшылық болып табылады. Сондай-ақ, Қазақстанда жеке табыс салығы 10% болса, Ресейде – 13%. Ал, әлеуметтік салық бізде – 11%, Ресейде – 26%. Жоғарыда аталған факторлар біздің еліміз үшін интеграцияның барынша пайдалы болатындығының айғағы іспетті.

Оған қоса, біздің жергілікті кәсіпкерлер үшін Кеден одағы елдерінің мемлекеттік сатып алу нарығы ашылады. Атап айтқанда, Ресей мен Беларусь елдерінде мемлекеттік сатып алулар көлемі 200 миллиард долларды құраса, Қазақстанда бар болғаны 7 миллиард доллар болып отыр.

Тұтастай алғанда, Кеден одағы, алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одаққа кіру арқылы әлемнің дамыған отыз елінің қатарында Қазақстанның орналасуына едәуір әсерін бермек.

Дінмұхамед ӘБСАТТАРОВ, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры.

Дерекнамасы: Егемен Қазақстан


Еншілес ұйымдар

Серіктестер