astana-view

Кәсіпкерлер конференциясы өтті

2014 жылғы 28 Мамыр
2489 просмотров

Қазақстан 29 мамырда интеграциялық одақ жөніндегі маңызды құжатқа қол қояды. Интеграцияның Қазақстан экономикасына маңыздылығы туралы көп айтып жүрміз. Дегенмен, Еуразиялық одаққа кірмес бұрын кәсіпкерлер ішкі мәселесін шешіп алуы тиіс. Бүгін ұлттық кәсіпкерлер палатасының арнайы конференция өткізгені де

сондықтан. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың айтуынша, заңсыз табыс 540 млрд теңгеге жетіпті. Бизнес адал болса ел экономикасы да еселене түседі.

Екі күннен соң Қазақстан Ресеймен және Беларуспен интеграциялық одаққа кіреді. 360 миллиард долларды құрайтын қомақты нарыққа қатысу зор мүмкіндік. Бұл ретте кәсіпкерлер ұтылып қалмауы тиіс. Бизнесмендердің ұлттық палатасы бүгін конференцияда бас қосты. Президиум төрағасы Тимур Құлыбаев та келді оған. Сөз алған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Елордада табысты бизнестің көбейіп келе жатқанын қуана жеткізгенімен, сынайтын тұстардың жоқ емес екенін айтты. Кәсіпкерлердің қаланың көркіне қосары көптігін ұмытпағаны абзал екендігін ескертті.

ИМАНҒАЛИ ТАСМАҒАМБЕТОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:

- Егер жарнамалар мен баннерлерді алсақ, көріксіздеу,сиықсыз, кейде тіпті тәрбиелік мәні жоқтарын дардай қылып іліп қояды көшелерге. Бұл орынсыз. Мен Парижге барғанда сұрағанмын, сіздерде жарнамаларды кім қадағалайды деп, оларда қала әкімі бұған жауап бермейді. Қаланың сәулетіне көрік қосу үшін кәсіпкерлер жарнамаларды жөндеп даярлауы тиіс. Арнайы тапсыратын боламын.

Елімізде шағын бизнес өкілдерінің қатары 56 мыңға жетсе, көлеңкелі экономиканың да еселеніп кеткені белгілі болды. Астанада заңсыз табыс 540 млрд теңгені құраған. Сондықтан кәсіпкерлер ісін тіркеп, елге пайда әкеле отырып табысын жаратсын деді Елорда әкімі.

ИМАНҒАЛИ ТАСМАҒАМБЕТОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:

- Капиталын тіркеген бизнесмен бірде бір рет жауапкершілікке тартылған емес, бұдан қорықпаңыздар. Әрбір қазақстандық мемлекетке пайда әкеле отырып ақша табуы тиіс.

Кәсіп иелері де қарап қалмады. Жергілікті билік қатысқан жиында проблемаларын шешіп алуды жөн көрді.

СЕМЕН ТАРКИН, КӘСІПКЕР:

- Менің ұсынысым бар. Шағын және орта бизнеске арналған мамандандырылған технопарк, ірі логистикалық орталықтармен бірге құрылыс жобасын қарастыру қажет. Кейін оларды арзанға жалға беруге болушы еді.

Нақты жоспары, оны іске асыру тәсілі берілсе, бұл ұсыныс қолдау табатын түрі бар. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиуымының төрағасы Тимур Құлыбаев мақұлдаған сыңай танытты.

ТИМУР ҚҰЛЫБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ПРЕЗИДИУМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- У вас должна быть карта, а не абстрактные разговоры. С акиматом мы будем просить, акимат поддерживает полностью.

Айта кетейік,, Құлыбаев мырза Қазақстан даму банкінің жұмысына көңілі толмайтынын атап өтті. Бұл банктің ақша беріп жарытып жатқаны шамалы екенін жеткізген ол қаржы институттарына үлгі болатындай ештеңе тындырып жатқан жоқ деді. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов те бұл сөзді қостай кетті. Әкімнің айтуынша, жобаның маңыздылығын қанша түсіндірсең де банкпен келісімге келу мүмкін емес екен. Ал қуаныштысы, Елорда Атырау, Маңғыстау, Алматы секілді өзін-өзі қамтамасыз ете отырып, артылғанын бюджетке салатын донорға айналыпты. Соңғы 6 жыл ішінде Астана 610 млрд доллар қаражатты ел экономикасына құйған.

ИНДИРА ЖЫЛҚАЙДАРОВА, ТІЛШІ:

- Конференция барысында тағы бір жағымды жаңалық жария болды. Елорда күніне бір айдан сәл астам уақыт қалды. Қала әкімінің айтуынша биылғы мерекеден бастап Астананың бір жыл ішіндегі үздік кәсіпкері, инвесторы, меценаты деген номинацияларда жүлделерді үлестіру дәстүрі енгізілмек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер