astana-view

Шаһар әкiмi Иманғали Тасмағамбетов іскер азаматтардың басын қосты

2014 жылғы 28 Мамыр
2707 просмотров

«Мүлікті заңдастыру шарасынан елордалық кәсіпкерлер үрейленбеуі тиіс. Астанада көлеңкелi бизнестің көлемі жарты триллион теңгеден асады. Мұнша мол қаржы заңды түрде жұмыс істеп, экономикаға үлес қоссын». Іскер азаматтардың басын қосқан шаһар әкiмi Иманғали Тасмағамбетов бизнес иелерін осыған шақырды. Сондай-ақ қаланың орталығынан айналшықтап шықпайтын іскерлер енді Астананың шеткі аймақтарына назар салсын деді. 

Жиынға қатысқан Ұлттық кәсiпкерлер палатасының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаев Астанада теңдессіз бизнес климат қалыптастырудың уақыты әлдеқашан жеткеніне тоқталды. Енді бір айдан соң Елорда 16 жылдығын атап өтеді. Осыған орай қала басшысы бизнесмендерге, инвесторлар мен меценаттарға арнайы сыйлық тағайындау жоспарда бар екендігін де хабарлады. Базаргүл Отыншиева толықтырады.  

Бас қалада шаруасын дөңгелеткендердің 20 пайызы жұмысын қалтарыста жүргізіп жатыр. Бұл - 540 млрд теңге заңсыз айналымда жүр деген сөз. Бизнес көлеңкеден шықса, осы қаржыдан түскен салық қазына қалтасын тесе қоймас еді. Керісінше, кәсiпкерлiк өркендеп, Астананың экономикасы қанат жаяды. 

Бірақ заңдастыру шарасы тасадағы мүліктерге түгелдей даңғыл жол ашады деп түсінбеу керек. Шаһар әкімі кәсіпкерлерге осыны қадап ескертті. Заңдастыруға қатысты жағымсыз тәжiрибенің барын айтты. Мәселен, кезінде жерді заңсыз басып алғандарға қатысты. "Кей пысықайлар ақша жасауға тырысар. Бірақ мұндайлардың қулығы бізге өтпейді", - дедi. 

Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі: 

Бас жоспарға сай емес, жол түсуі тиіс аумақтан нысан салып, оны әлдебір тәсілмен заңдастырып, соңынан жер телімі мемлекетке қажет болған кезде «нарық құнымен сатып ал» деген азаматтар болды. Енді ондайға жол жоқ. Ал өзге факторлар, мәселен, құжат дұрыс рәсімделмеген немесе мүлде құжаты жоқ нысандар болса, біз ымыраға келуге әзірміз. 

Ұлттық палата басшысы мен Астана әкіміне жағдайын айтып мұңын шаққандар аз болмады. Автошиналар өңдеу зауытының өкілі Қазақстан даму банкінен теперіш көріп жүргеніне шағымданды. «Берген несиесін міндет етіп, бизнесімізге кедергі келтірді, айналып келгенде, бұл ақша мемлекеттiкі емес пе?» деп ашынды. Жалпы, ҚДБ-нiң бизнес-жобаларды қолдамай, керісінше, бизнес иелерін қорлайтыны қатқыл сыналды. 

Мы ходатайствуем перед Нацпалатой предпринимателей по созданию уполномоченной комиссии по проверке действий БРК. 

Банк развития Казахстана не является успешными примером финансового института, … вы, кстати, счастливый человек, вы получили кредит, вы, в общем-то, герой, потому что получить там деньги невозможно. 

Насколько бы ты не разъяснял важность и необходимость бизнес-плана, который представлен, они сразу же встают в штыки, и практически с ними договориться невозможно. Вообще Банк развития Казахстана, по большому счету, тормоз, с ними надо разбираться. 

Жуырда Астана 16-ға толады. Жасына жас қосқан ордамыздың келбетін тек саябақтар, алаңқайлар мен ғимараттар ғана ашуы тиіс деген ұғымнан арылайық. Шағын және орта бизнес өкілдерінің атсалысатыны - нағыз осы тұс. Осылай деген әкім қала дүкендеріндегі жарнама маңдайшаларын, бейберекет қаптаған билборд, алабажақ жазуы бар жарнама тақтайшаларын да сынға алды. 

Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі: 

Кезінде қаланы көріктендіре түсу мақсатында көше жарнамалары мен дүкен маңдайшалары пайда болды. Үлкен әрі түрлі-түсті баннерлерде ұсынылатын қызмет пен тауарлар тізімі жазылды. Бірақ қазіргі жағдай өзгеше, қала келбетін қалыптастырудың жаңа кезеңіне көштік. Еуропа стандарттарына сай болуымыз керек. 

Бизнес енді шаһардың шеткері аймақтарына да ойысқаны керек. Әрбір кәсіпкер тұтынушы үшін күресуі шарт. Осы ретте әкімдік оларға жеңілдіктің түр түрін қарастыратын жеке «терезе» ашуды жоспарлап отыр. Бұл кәсіпкерліктің сан жағынан күрт өсуіне түрткі болады. Бірақ сан қуалап сапаны ұмытуға тағы болмайды. 

Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі: 

Бізде бинесменге көзқарас әлі өзгере қойған жоқ. "Ой, бұлар осылай оңай ақша тауып жүргендер",- деп қарайды. Ал осы бизнесменнің талай адамды жұмыспен қамтып отырғаны, ойына кіріп шықпайды. Мұндай ұғымды жою үшін сапалы жұмыс істеуге тиіссіздер. Намыс мәселесі әрдайым жоғары тұрсын. 

Қаланың 16 жылдығына орай, бизнесмендерге, инвесторлар мен меценаттарға арнайы сыйлық тағайындалады. Және бұл дәстүрлі шараға айналмақ. Сыйлыққа лайықты кәсiпкерлер мен инвесторларды Ұлттық кәсiпкерлер палатасы анықтайды. Бәсекелестiктiң дамуына осылай серпін беру ойда бар. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер