«Өңірдегі жалпы ішкі өнімді республикалық деңгейге жеткізу керек» - СҚО әкімі
Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен кәсіпкерлердің алғашқы конференциясы өтті.
Кездесуде жаңа әкім Ерік Сұлтанов бизнесті дамыту қаншалықты маңызды екенін, оны жаңа деңгейге көтеру керектігін айтты.
«Облыста кәсіпкерлік резервтер мол. Өңірдегі жалпы ішкі өнімді республикалық деңгейге жеткізу керек - бір адамға шаққанда 15 мың доллар. Алдымызға осындай мақсат қоюымыз қажет. Кәсіпкерлік дамуы керек, кәсіпкердің пайдасы - тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, біздің жағдайымыз», - деді СҚО әкімі Ерік Сұлтанов.
Бүгінде СҚО нарығында 25 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері бар. Онда 103 мың адам жұмыс істейді. Бұл облыстағы тұрғынның әрбір бесіншісі, жұмыспен қамтылғанның әрбір үшіншісі. Мемлекет кәсіпкерлерді қолдап отыр.
«Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін, Елбасы бастамасымен экономика өсімін ынталандыру мақсатында 2014 - 2015 жылдарға Ұлттық қордан 1 трлн. теңге қарастырылып отыр. 2014 жылы 500 млрд.теңге бөлу көзделген, оның 100 млрд. бөлінді. Олар қазір екінші деңгейлі банктерде сақтаулы», - деп атап өтті СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкина.
Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов белсенді солтүстікқазақстандықтардың назарын осыған мүмкіндік беретін мемлекеттік жобаларға аударды.
«Қандай жоба ұсынатымызды бүгін білуіміз керек. Бүгін түсінуіміз керек, жылдық мөлшерлемесі 6% жеңілдетілген несие банкке бағытталды», - деді өңір басшысы.
Аймақ кәсіпкерлерінде олардың ісін дамытуға кедергі болатын, шешуді қажет ететін бірқатар мәселе бар. Олардың бірі - энергияны үнемдеу саласымен байланысты. Кейде электр энергиясын қосу үшін келісімшарт жасау оңай шаруа емес. Экологияға қатысты проблемалар да баршылық.
Облыс кәсіпкерлері бұл мәселені бірнеше рет көтерген. Эмиссияға рұқсат алған кезде солтүстікқазақстандықтар көптеген проблемаларға тап болады.
Солтүстікқазақстандықтардың барлық мәселелері мен ұсыныстары ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 1-съезінде айтылады. Мемлекет басшысы қатысатын бұл шара ағымдағы жылы маусым айының үшінші онкүндігінде өтеді деп жоспарланған. Біздің облыстың атынан 4 бизнесмен қатысады.
Конференция соңында СҚО әкімдігі атынан аймақ басшысы Ерік Сұлтанов пен облыстық кәсіпкерлер палатасының атынан Нелли Кукушкина ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: