astana-view

КӘСІПКЕРЛЕР – ҮЛКЕН КҮШ

2014 жылғы 29 Мамыр
2324 просмотров

Кеше облыстық мәслихаттың мәжіліс залында өңір кәсіпкерлерінің алғашқы конференциясы өтті. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезінің қарсаңындағы жиынға облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты. Конференция соңында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі және облыстық Кәсіпкерлер палатасы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. 

Конференцияны ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов бүгінгі таңда кәсіпкерлік ел экономикасының басты бағдарларының бірі екенін айта келе, бұл саланы одан әрі өркендету мақсатында Елбасы шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі бағыттарын айқындап бергенін мәлімдеді.

– Бүгінде облыста 103 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған шағын және орта бизнестің 25 мыңнан астам субъектісі бар. Былтыр кәсіпкерлік өнімдері 3,5 пайызға артып, 295 миллиард теңгені құраған. Бұл жетістік – мемлекет пен бизнестің тығыз қарым-қатынасының нәтижесі. Бұл орайда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты мақсаты бизнестің Үкіметпен және мемлекеттік органдармен келіссөздер күшін нығайту болып табылады. Елбасының кәсіпкерлік субъектілеріне зор қолдау көрсететіні баршаға белгілі. Кәсіпкердің әр қадамы, әр жетістігі – бұл тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, біздің әл-ауқатымыз. Біздің алдымызда тұрған міндет – өңірдегі ішкі жалпы өнімді республикалық деңгейге – жан басына шаққанда 15 мың долларға жеткізуге күш салуымыз керек, – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкина өзі басқарып отырған ұйымның құрылған уақыттан бастап атқарған жұмыстарына тоқталып, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.

Конференцияға қатысқан өңір кәсіпкерлері, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері бизнес саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды оңтайлы шешуге қатысты өз ойларымен бөлісті. Мәселен, жеке кәсіпкер Александр Казанцев қуатты үнемдеу проблемаларын оңтайлы шешу жөніндегі палатаның рөлі жайында сөз қозғаса, “Арқалық” шаруа қожалығының басшысы Нағашыбай Барлыбаев бизнес субъектілерінің экология саласына қатысты өзекті мәселелеріне тоқталды.

Кәсіпкерліктің келешегі туралы өз пікірімен бөліскен “Барс-Nord” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Владимир Богданов өнімнің сапасы мен бағасының сай болуына мән беру, сондай-ақ, сауда нысандарының маңындағы көлік қою алаңдарын тәртіпке келтіру қажеттігін айтты.

“Құрылысшылардың облыстық қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Сергей Калинин кәсіптік және техникалық білім беруді дамытуда білім беру ұйымдары мен бизнес субъектілерінің өзара іс-қимылы туралы, ал “Молочный союз” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Кузлякин өнеркәсіптің қайта өңдеу саласын дамытудағы мемлекеттік қолдау мәселесі жайында әңгімеледі.

“ПАМЖЗ” акционерлік қоғамының бас директоры, облыстық Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Қуаныш Бишімов конференцияда кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстарды және оларды шешу жолдарын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезіне оған облыс атынан қатысатын делегаттардың жеткізетінін айтты.

Жиын соңында өңір басшысы Ерік Сұлтанов пен облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нелли Кукушкина өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер