Жаңа басшының алғашқы жұмыс күні
Өңір кәсіпкерлерінің конференциясына қатысудан басталып, көкейтесті мәселелерді ашық талқылауға, өзара іс-қимыл меморандумына қол қоюға ұласты.
Облыстың жаңадан тағайындалған әкімі Ерік Сұлтанов алғашқы жұмыс күнін орта және шағын бизнес өкілдерімен кездесуге арнады. Жергілікті кәсіпкерлердің конференциясында сөйлеген сөзінде аймақ басшысы Елбасының шағын және орта бизнесті Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралына айналдыру талабын қойғанын айта келіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталды. Бүгінде өңірде жұмыс істейтін 25 мыңға жуық бизнес субъектілеріне жүз мыңнан астам солтүстікқазақстандық тартылған. Былтыр бұл саладағы өсім 3,5 пайызды құрап, 295 миллиард теңге болған. Ішкі жалпы өнім 747,5 миллиард теңгеге жетсе, төрттен бір бөлігі ауыл шаруашылығына тиесілі. Салық төлемдерінің 63 пайызын кәсіпкерлер құйған.
Бұл көрсеткіштердің жеткіліксіздігін алға тартқан Ерік Хамзаұлы өнім көлемін молайтудың, сапасын жақсартудың, тежеу салатын бюрократтық кедергілерді жоюдың жолдарын ашық айтуды ұсынды. Ішкі-сыртқы экономикалық резервтерді қарастыра отырып, облыстағы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткішін республикалық орташа деңгейге, яғни 15 мың долларға жеткізу міндетін қойды. Бұл орайда ірі кәсіпорындардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңызы зор. Олардың қызметін жаңғырту үшін «Самұрық-Қазына», «Қазақстан темір жолы ҰҚ» арқылы бірқатар тапсырыстардың орындалғаны белгілі. Бұл жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасын табатын болады. Әлеуеті жоғары өндіріс орындары жанындағы шағын кәсіпкерлік нысандарының жаңа желісін құруға қарқын берген жөн. Тұтастай алғанда, шағын және орта бизнесті өркендету арқылы облыс тұрғындарының өмір сапасын, әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор мүмкіндіктер тудырылатынын бір сәт те естен шығармауымыз керек. Сондықтан, бүгінгідей келелі жиында негізгі бағыттарды белгілеу артықтық етпейді.
Конференцияда баяндама жасаған облыстық кәсіпкерлер палатасының төрайымы Нелли Кукушкина, жарыссөзге шыққан шешендер бизнес нысандарына тексеріс жүргізуге мораторийдің жариялануы кәсіпкерлер үшін оң ахуал орнықтырғанын қанағат сезіммен атап өтті. Алайда, бәсекелестікке төтеп беретін орта қалыптастыру, рынок көздерін кеңейту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, құжаттарды рәсімдеу бағыттарында кездесетін кедергілер әлі аз емес. Аймақтық кәсіпкерлер палатасының мүшесі Александр Казанцев жарық көздерімен жабдықтаудағы қиындықтарды айтса, «Арқалық» шаруа қожалығының жетекшісі Нағашыбай Барлыбаев мемлекеттік экологиялық сараптама алудың жеңілдетілген жолдарын қарастырса деген өтініш білдірді. «Солтүстік Қазақстан құрылысшылар ассоциациясы» бірлестігінің атқарушы директоры Сергей Калинин кәсіптік-техникалық оқу орындарын бітірген түлектердің жартысына жуығы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейтінін, жас мамандардың тұрақтамауының басты себебі жалақының төмендігіне тірелетінін жеткізді.
Жамбыл ауданынан келген жеке кәсіпкер Екпін Әбиев мінбеге арнайы көтеріліп, екі мәселені жиналғандар назарына ұсынды. Біріншісі – банктермен кәртішке арқылы есеп айырысуда ұсталынатын пайыздық төлемнің тым көптігі болса, екіншісі – тендердегі қиғаштықтар. Мен ұн өнімдерін тендерді ұтып алған Новоишимка элеваторынан аламын. Арақатынастың тым шалғайлығына байланысты қатынау қиын, жұмсалатын шығын көп. Сол себепті 45 теңге тұратын бір бөлке нанның бағасын қымбаттатуға мәжбүрмін. Іргемізде Мамлют ұн үгу мекемесі тұр. Қуаттылығы жоғары, өнім сапасы жақсы. Соған неге бекітіп бермеске?
Алқалы басқосуда шағын және орта бизнесті дамытуға арналған жеңілдікті бағдарламаларға белсене атсалысу төңірегінде де салиқалы әңгіме өрбіді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі айтылған ұсыныстар мен өтініштердің аяқсыз қалмайтынына, тиісті орындарға жеткізілетініне сендірді. Кәсіпкерлерді Елбасы тапсырмаларын орындауға бір кісідей жұмыла еңбек етуге шақырды.
Облыстық әкімдік пен Кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы арасында тиімді әріптестік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөніндегі меморандумға қол қойылып, маусым айында Президенттің қатысуымен өтетін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының І съезіне делегаттар сайланды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: