Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды
Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев өңірлік кәсіпкерлердің жұмыс барысымен және бизнесті жүргізуде кездесіп отырған қиыншылықтармен танысты.
Ол палата кеңесінің мүшелерімен, аймақ басшыларымен және жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті.
«Жамбыл облысы біз аралаған алтыншы аймақ,-деді Т. Құлыбаев. - Қазіргі таңда отандық кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне бөгет болып отырған проблемалар барлық жерлерде де ұқсас».
Т. Құлыбаев отандық бизнеске теріс әсер етіп отырған сондай келеңсіз жағдайлардың бірі ретінде әкімшілік кедергілерді атады. Мысалы, құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу үшін ШҚО-да кәсіпкерлерден жүзден астам рәсім талап етілген. «Облыстық әкімдікпен бірлескен жұмыстың арқасында біз соларды 30 пайызға қысқарттық. Бұл сәтті тәжірибе үкіметке баяндалды және мұны барлық облысқа тарату жайлы шешім қабылданды»,-деді ол.
Жамбылдық кәсіпкерлермен жүздесу барысында ҰКП Басқармасының Төрағасы Абылай Мырзахметов Ұлттық палата шұғылданатын негізгі бағыттар жөнінде хабардар етті.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Т. Кұлыбаев алда тұрған келелі міндеттерді айта келе, жыл басынан ұйымның нақты жүйесін құрудың сәті түскендігін жеткізді. «Төралқа құрылып, оған аймақтар өкілдері ғана емес, салалық қауымдастықтар да кірді. Басқарма жасақталды оған ірі бизнесмендер, сондай-ақ мемлекеттік қызметте бай тәжірибе жинақтаған адамдар да мүше», - деп атап өтті ол.
Т. Құлыбаев жамбылдық кәсіпкерлердің проблемалары мен тілектерін тыңдады. Ол бүгінгі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінен бизнес өкілдерінің 500-ден астам ұсыныстары түскендігін атап өтті.
Сондай-ақ сапар барысында ҰКП делегациясы «Қазфосфат» ЖШС және «ТА-Мак" ЖШС-ін аралады.
Дерекнамасы: Казинформ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: