ҚР ҰКП төралқа төрағасы Т.Құлыбаев қызылордалық кәсіпкерлермен кездесті
Бүгін ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен Сыр өңірінде болып, бірнеше кәсіпорындарды аралап, кәсіпкерлермен кездесті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпкерлердің шаруасын дөңгелетуіне түрлі кедергілер көп: ретсіз тексеріс, қағазбастылық секілді. Одан қалды, шағын және орта кәсіпкерлер бизнес жоспар жасауға қиналады. Осы секілді кемшіліктерді жою мақсатында кәсіпкерлер палатасы құрылғаны белгілі.
- Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалып жатыр. Бизнес жоспардың жоқтығынан сол мүмкіндікті көпшілігі пайдалана алмай келген. Енді бұл саланың бойына қан жүгіре бастағандай. Оған қоса, металлургиялық кластерді дамыту бағытында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Бұл болашағымызға бағдар болмақ, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев кездесу барысында.
Әрине, өндіріс өркендеу үшін инфрақұрылым болуы қажет. Бұл жағынан біздің өзгелерден шоқтығымыз биік. Жақын уақытта «Батыс Еруопа - Батыс Қытай» халықаралық дәліз, «Бейнеу - Жезқазған» теміржолы аяқталады. Әуежай халықаралық мәртебе алу үшін жолаушылар терминалы салынуда. Бұның барлығы өңірге инвестор тартуға мүмкіндік туғызбақ.
Бүгінде облыста 44 мыңнан астам кәсіпорындар бар. Өткен жылмен салыстырғанда 18,6 пайызға артқан. Жиын барысында кәсіпкерлер көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Дерекнамасы: Казинформ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: