Тимур Құлыбаев: «Ауылдағы кәсіпкерлерді көбейту керек»
Аймақтардағы кәсіпкерлікті дамытуға жіті назар аудару керек. Өңірімізге арнайы іс-сапармен келген Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіпкерлермен болған жиында осылай деді. Ауылдағы бизнес өркендегенде ғана еліміздегі шағын және орта бизнес саласы қарқын алып, еліміз армандаған мақсат-мұраттарды іске асыруға жол ашылмақ. Басқосуда жергілікті кәсіпкерлер бизнестің дамуына тұсау болып отырған көптеген проблемеларды төраға алдында тізіп беріп, шешу жолын қарастыруды өтінді.
Коммуналдық тарифтердің қымбаты, мемлекеттік сатып алулардағы түйіткілдер, екінші деңгейлі банктерден несие алудың машақаты мен әкімшілік кедергілер. Облыстың кәсіпкерлері Тимур Құлыбаевтың алдында жаңалық ашқан жоқ, бұрыннан-ақ сиырқұйымшақталып келе жатқан проблемаларды алға тартты.
Азат Қаражанов, кәсіпкер: «Сала бойынша жиналған жиындарға басқарма мен департаменттің бірінші басшылары, көбінесе, келе бермейді. Соның кесірінен нәтижелі жұмыс болмайды. Екіншіден, палата қызметкерлерінің бизнесмендерге кеңес беру деңгейі өте төмен. Осыны қолға алсаңыздар. Үшінші, билік пен кәсіпкерлердің арасындағы көрінбес қамал бұзылса деген тілегім бар.»
Ауылдағы кәсіпкерліктің дамуы бойынша Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарындағы бизнесмендердің үлесі республиканың 63 пайызын құрайды. Құлыбаев біздегі заңды тұлғалардың көбейіп келе жатқанын айтып, оларға қолдау көрсетуді тапсырды. Төрағаның келгендегі мақсаты да сол. Ол — ауылдағы кәсіпкерге болысу.
Тимур Құлыбаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум төрағасы: «Ауылдағы кәсіпкердің ең негізгі проблемасы — қаржыны несиеге алудағы қиындық. Біз осы проблеманы шешуіміз қажет. Одан бөлек мемлекеттік сатып алу мәселесіне де жіті назар аударған жөн. Мемлекеттік сатып алу байқауларына бизнес өкілінен бір адамды қатыстыру керек. Сонда байқау әділетті өтеді деп ойлаймын.»
Абылай Мырзахметов, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы: «Аймақтағы кәсіпкерлерді кепілдік мәселесі қинайды. Бизнес-жоспардың сапасына да сын көп. Осыған байланысты біз «ҚазАгромен» арнайы комиссия құрып, сараптау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Ең бастысы, құжаттардың санына көңіл бөлудеміз. Өйткені, екінші деңгейлі банктен несие алу үшін кәсіпкер кем дегенде 54 құжат жинауы керек. Осы мәселені шешу үшін біз Түркияға барып, тәжірибесімен таныстық.»
Ұлттық қордан кәсіпкерлікті қолдауға 1 триллион теңге қаралса, биыл соның 500 миллиарды жұмсалады екен. Төраға палата өкілдерін бөлінген қаржыны дұрыс ұқсатуға шақырды. Сондай-ақ, кадрды таңдау мәселесінде білім берудің дуальді жүйесін пайдалануды ұсынды.
Дерекнамасы: Отырар ТВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: