Қызылорда облысында индустриялық картаға 24 жоба енгізілді
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы Сыр өңірінің индустрияландыру картасына енгізілген жобаларды қарау жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысына қатысты.
Олар өз тарапынан инвестициялық жобаларды, оның ішінде облыстық индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың мониторингін жүргізуде. Тәжірибе көрсеткендей, бірқатар жобалар бойынша қиындықтар да туындап отыр. Осы орайда бұл мәселелерді шешу бағытында өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы министрліктер мен ведомстволарға тиісті ұсыныс-пікірлерді жеткізу арқылы мемлекеттік бағдарламаларды дамыту жайы қозғалды.
Үстіміздегі жылы Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә. Исекешевтің тапсырмасына сәйкес өңірлерде индустриялық картаның жобалары бойынша жұмыс топтары құрылды. Қызылорда облысындағы жұмыс тобын Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы А.Евниев басқарады. Оның құрамына өңірлік кәсіпкерлер палатасымен қатар мұнай және газ, ауыл шаруашылығы, индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінің өкілдері, «Қазақстанның индустриялық даму институты» АҚ, «Қазақстан даму банкі» АҚ, Жер ресурстары комитеті, АӨК мемлекеттік инспекциясы комитеті, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, ҚР ТЖМ өрт сөндіру қызметі, құрылыс және тұрғын-үй шаруашылығы және «Казагрофинанс» АҚ өңіраралық бөлімшелерінің басшылары енгізілді.
«Қазіргі таңда индустриялық картаға Қызылорда облысы бойынша жалпы құны 151,8 млрд. теңгені құрайтын 24 жоба енгізілді. Оның ішіндегі шыны зауыты құрылысының жобасы республикалық индустрияландыру картасына кіргізілді. Салалық құрылымда: агроөнеркәсіптік кешеннен - 6 жоба, құрылыс саласында - 5 жоба, мұнай және газ, энергетикалық секторда 5 жоба бар. Сондай-ақ, жаңа 2680 жұмыс орнымен қамтамасыз ету қарастырылуда»-, деді Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Абсаттаров.
Жұмыс тобы 19 жобаны аралап, олардың қазіргі жағдайымен танысты, түйткілді мәселелерді және даму жоспарларын талқылады.
Дерекнамасы: Казинформ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: