Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы Үкіметтен кәсіби стандарттарды әзірлеуді өздеріне беруді сұрайды
ҚР Кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы кәсіби стандарттарды әзірлеуді өздеріне беруді Үкіметтен сұрайды. Бүгін Астанада Қазақстан Кәсіпкерлері ұлттық палатасының әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік комитетінің отырысында палатаның басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев осылай мәлімдеді.
«Өкініштісі, бүгінгі күні барлық дерлік бизнес қауымдастығы еліміздегі кәсіби стандарттардың тым сапасыз дайындалатынын алға тартады. Ал ондай стандарттар қалай жасалып жатыр: бюджеттен қаражат бөлінеді, мемлекеттік орган соған орай тендер өткізеді, ол арқылы қандай да бір консалтингтік компания табылып, сол компания дайындаған кәсіби стандарттар бізге келісім беру үшін жолданып отырады. Ал оларды біз әрі қарай салалық қауымдастыққа бағыттаймыз. Сосын әлгі салалық қауымдастық осындай жұмыстың барлығын қайтадан тегін, ақысыз жасап беріп жүр. Яғни, олар жұмыс берушілер үшін қажетті кәсіби стандарттарды бастан аяқ жасап, нәтижесінде бүкіл жұмысты өздері атқарған болып отыр», дейді Нұржан Әлтаев.
Осыған орай, Кәсіпкерлер ұлттық палатасы Үкіметке мұндай кәсіби стандарттар әзірлеуді өздеріне беруді сұрап, ұсыныспен шыққан. Ал, Н. Әлтаевтың айтуынша, Үкімет бұл мәселені 2015 жылы қарауды жоспарлап отыр. «Жалпы, кәсіби стандарттарды жұмыс берушілер өздерінің тұтынушыларының мүдделері мен қызығушылықтарын ескере отырып жасауы тиіс», дейді Н.Әлтаев.
Дерекнамасы: Казинформ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: