astana-view

ҚИСЫНСЫЗ ҚИ САЛЫҒЫ

2014 жылғы 13 Маусым
3494 просмотров

Қи салығы кәсіпкерлердің қытығына тиіп тұр. Жануарлардың қалдығын пұлдау - кәсіпкерлерді қорлау деген ақтөбелік шаруалар мал өсіруден бас тартамыз деп отыр.

Үкімет мал тезегіне салық салу туралы заң шығарды. Әуелгіде бұл заңға ешкім үрке қараған жоқ. Ақша алудың түрлі тәсілімен бүйректен сирақ шығаратындарға қарапайым халықтың еті де үйреніп қалғандай. Талап қойылса, тәртіпке бағынбай қайтеміз деген болар? Бірақ салық комитеті кәсіпкерлерді шалқасынан түсірді. Өткен жылы шыққан заңның орындалуын екі жыл кейін шегеріп есептеген. Қысқасы қи салығын кәсіпкерлерге артта қалған екі жылды қосып төлеуді міндеттепті. 

Әр сиыр  жапасының нормативі бар 

Ұяттау, әрі күлкілі көріне ме? Жапаның нормативі несі деп түсінбеуіңіз де мүмкін. Бірақ ондай да бар. Естімеген елде көп дегендей, осындай заң шықты. Ендігі жерде жаңа Заң бойынша малдан шыққан қалдық үшін кәсіпкерлер қыруар қаржы төлеуге мәжбүр. Төбесінен түскен хабарға тосырқап қалған шаруалар мал шаруашылығын тастаймыз деп ашуланып отыр. Санай беріңіз, шөп пен жемге кететін миллион жарым бар, осындай қаржы оны бағушыға беріледі. «Сыбаға» бағдарламасымен алынған несиеге төлейтін миллиондар тағы тұр. Ауыл шаруашылығының да салығы көбейіп кетті. Енді малдың нәжісін пұлдау не масқара дегендер бұл сорақылықтың басшылық тараптан түсіндірілуін сұрайды. 

Кәрімжан БАЙДІЛЕУОВ, Әйтеке би аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Салықтың мұндай түрі бұрын соңды болған жоқ. 2013 жылдың желтоқсанында шықты. Ал салық комитеті болса, кәсіпкерлерге 2011 жылдан бастап төлеуді міндеттеп отыр. Және олар өткен жылдармен қосып есептеп те қойған. Мәселен, бір жылға 140 бас қой, 70 бас жылқы, 200 бас сиыр нәжісі үшін  шаруа шамамен 258 мың теңге төлеу керек. 15 мамырға дейін төлеп болыңыз деген хабарлама да алдық. Бұл тек бір жылға ғана. Үш жылға шамамен 600 мың теңге төлеу керек.  Белгіленген уақытта төлемесе үстемақы төлейсің деген. Бұл мәселе шаруаларды қиын жағдайға қалдырып отыр. Онымен қоса салық комитеті өздеріңмен бірге мал санына селолық округтен анықтама ала келіңдер деп айтқан. Бірақ айтқандары бөлек болып тұр. Себебі өздері алдын ала есебін шығарып жіберген. Біздің ауданның кәсіпкерлері салық мамандары ақшаны санап шығарып тұрып, анықтаманы не үшін сұрайды деп ренжиді,- дейді. 

Жағдай ушығып кетті. Себебі, шаруалардың төрт түлік малдың қалдығына салық төлеуден босат деген шырылын қисынсыз деп те айта алмай отырмыз. Әсіресе, газы жоқ ауылдағы ағайын бұған күле қарайды. Ауылда төрт түліктің тезегі әрі көмір, әрі өмір. Шаңырақты жылытатын отынға жарап жатыр. Қоршаған ортаны құнарландырмаса, ластайтын еш кесірі жоқ. Шаруаның жанайқайы біздің елімізде қи салығын салу көңілге қонымсыз дегенге саяды.

- Әр кәсіпкер үш жылдың анықтамасын апару керек. Қазір бізге аудандағы 

7 кәсіпкерден арыз келіп түсті. Олар қандай көмек көрсете аласыз деп өтініш жазды. Біз басқа аудандардың да жағдайын хабарласып сұрап отырмыз. Бізге түсініксіз болып тұрғаны әр ауданның есебі бөлек. Кейбір жерде 10 мың қойға 73 мың теңге ғана төлеп отыр,-дейді Байділеуов.

Ақылға сыймайтын салық

Салық кодексінен мал қиына салынатын ақыны алып тастау туралы ұсынысты әрбір кәсіпкердің аузынан естуге болады. 

- Елбасы мал басын көбейту, етті экспортқа дайындау саясатын қолдап жатыр. Үй жануарларынан ешқандай қалдық қалмайды. Нәжісінің өзі тыңайтқыш. Сондықтан мал боғы айналаға зиян келтіретін қауіпті қалдықтарға жатпайды. Алға ауданы бойынша 39 мың қой, 6 мың бас ірі қара, 2700 жылқының бір жылға есептеген салық төлемі 367 601 теңге. Ал біз-

дің аудандағы бір шаруашы-лықта  146 бас қой,  212 ірі-қара, 8  жылқыға 258 мың теңге төле дейді. Сонда бұл қандай есеп? Күніге бір сиыр -

55 кг, қой - 400 грамм, ешкі 500 грамм, жылқы жылына 3-4 тона нәжіс шығарады. Қалада тұратын адамдар жылына 260 кг, ауылда тұратын адамдар жылына 360 кг дәретханада қалдық тастайды. Салықшылардың есебі қайда жатыр,-дейді Байділеуов.

Әйтеке би ауданында жалпы саны 818 кәсіпкер бар. Жаңа заңға жағаларын ұстап отыр. Бұл қысым тоқтатылмаса малын сатып, кәсіпкерлікке нүкте қоймақ.

- Біз айдалада мал бағып отырған адамдармыз. Ауылда газ жоқ. Малдың қалған қиын тезек қылып жағып отырмыз. Яғни қалдығына дейін пайдаланып отырмыз. Көмір алмаймыз. Қыс бойы өзіміз пайдаланып, қалғанын бақшаға құямыз. Маған 2011 жылдан бастап бір миллион төрт жүз мың теңге төлейсің деп шығарып қойған, -дейді Бақберген Жаназаров.

Шаруалар жылқыға жылына 3-4 тонна, сиырға тәулігіне 55 келі, ал қой мен ешкіге жылына 3-4 тонна қалдығы үшін салық төлеуі тиіс. 

Кәсіпкерлер талабы: 

- Хабарлама бойынша 2011, 2012, 2013 жылдарға неге біз мал басына анықтама әкелуіміз керек. Егер олар өздері санағын жасап, ақшасын шығарып қойса?

- Бізге міндетті түрде төлейсің, төлемесең әкімшілік жауапқа тартыласың деп неге қорқытады?

- Салық басқармасы шығарған мал саны қайдан алынған?

- Заң өткен жылдың желтоқсанында күшіне енген. Ал төлеуді 2011 жылдың қаңтарынан бастап міндеттейді. Себебі не?

- Бір сиыр күніге 55 кг нәжіс шығарады және биыл туған екі айлық бұзау да сондай нәжіс шығарады деп есептеген. Бұл шындыққа қаншалықты келеді?

Маман пікірі:

Бұл заңның шыққаны кеше емес

Еркін НҰРЛЫБАЕВ, Облыстық салық департаменті басшысының орынбасары:

- Бұл қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін салық. Ол экологиялық, салықтық Кодекстерден және   техникалық нормативтермен бекітіледі. Заңның пайда болғанына 13 жыл болды. 2001 жылы Салық Кодексі шыққаннан бері бар. 2001 жылы Қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақы деп аталды. Тіпті бұл заң Кеңес үкіметі кезінен бар. «Қоршаған ортаны қорғау қоры» деп аталды. Былтыр қалдықтың тоннасына баға 15 теңге болды, биыл 18 теңге. Бір басқа есептегенде жылына 96-98 теңге шығады. Ол жерде тек қиды ғана есептеп қоймаған, малдың барлық қалдығы есептелген.

Қазір облыста 4 мыңнан аса шаруа қожалығы бар. Әрқайсы-сын мал басына қарай төлейді. 

Дерекнамасы: kerek-info.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер